«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этнофестиваліне биыл 18 елден 140 қатысушы келеді

 

29 мая 2019

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, 7-8 маусымда Алматыда, «Боралдай сақ қорғандары археологиялық паркінде» өтетін «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этно-мәдени фестиваліне 18 елден 140 адам қатысады. Мажарстан, Моңғолия, Башқұртстан, Тыва, Украина, Дағыстан, Қалмақ Республикасы, Таулы Алтай, Өзбекстан, Якутия, Бурятия, Саха Республикасы, Қырғызстан сынды елдерден жиналған қатысушылар көшпелі халықтардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық ойындарын, музыкасын паш етеді.

Фестивальда ең мықты этномузыканттар мен спортшылар, саятшылар, қолөнершілер өз өнерлерін көрсетеді. Этно-мәдени фестиваль өткізудегі негізгі мақсат – көшпелі халықтардың көне тарихын жаңғырту, әр халықтың ұлттық ерекшелігін келер ұрпаққа жеткізу.

Бағдарламада: Мажарстаннан келген қонақтар Андраш Бироның бастауымен ат үстіндегі әскери ойындарға қатысып, Бурят шаманы Вэлигто Бадмаев ыстық таспен аластау рәсімін жүргізеді. Башқұртстаннан келген мергендер "Мэргэн уксы" атты жаяу және ат үстінде садақ ату өнерін көрсетеді.
Қырғыз елінен келген «Салбуурун» командасы қыран құстар мен тазы құмайлардың көмегімен аң аулау шеберлігін көрсетеді. Садақшылар, палуандар, әскери-патриоттық би ансамбльдері өз өнерлерін шоу бағдарлама ретінде ұсынатын болады.

Мерекені ұйымдастырушылар жастарды да назардан тыс қалдырмады. «Жастар жылы» аясында ұлттық нақыштағы заманауи өнер көрмелері, сондай-ақ сүйікті әртістердің өнер көрсетулері жоспарланып отыр.

Екі күнге созылатын этнофестиваль күндері қала тұрғындары мен қонақтары түрлі концерттерді, жәрмеңкелер мен ұлттық ойындарды көріп, тамашалай алады.

«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этнофестиваліне биыл 18 елден 140 қатысушы келеді

все новости новости »