Жүрекке оралу

 

23 сентября 2019

Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында жас жазушы Аягүл Мантайдың оқырмандармен кездесу кеші өтті.

Аягүл Мантай Ресей Халықтар  достығы университетінің түлегі. 2009 жылы «Жалын» баспасынан «Жаңбырлы көктем» атты жинағы жарық көрген.

Әңгімелері Венгрияның, Түркияның және Ресейдің танымал әдеби басылымдарында жарияланған.

«Серпер» жастар сыйлығының және Президент стипендиясының иегері.

Алматыда өткен кездесу кешінде  жақында жарық көрген «Жүрекке оралу»  кітабы да таныстырылды. Бұл кітапта жазушының психологиялық тартысқа толы интеллектуалды әңгімелері топтастырылған. Сондай-ақ жинақта балалрар тақырыбына жазған әңгімелері бар.

Аягүл Мантайдың әңгімелері адам жанының қатпарларын шынайы ашуымен, ұлттық болмыс пен еуропалық таным-түсінікті әдемі үндестіруімен, жаңалығымен құнды.

«Әдебиет ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды»  дейді Ғ.Мүсірепов. Адам тек экономикалық өсуді ойласа тез құлдырайды, роботқа айналады.  Сана серпілмей, рухани байымай ешқандай өсу болмайды. Жүректің емі – сөз, саз.

Біздің, кітаханалардың мақсаты жылт еткен жақсы дүниені оқырманға таныстыру, автор мен оқырман арасында дәнекер болу. Талғампаз оқырман қалыптасуына жұмыс істеу. Біздің, қазақтың авторларының да сұранысқа ие болуы жолында қызмет көрсету.

Аягүл Мантайдың бұл кездесуі – бірінші кездесу екен. Тірі диалог орын алған кездесу екі жаққа да әсерлі болған сыңайлы. Дулат Исабековтың келуі жазушыны қайдам, оқырмандар үшін кешті салмақтай түскендей.

Оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтар жазушы барынша шынайы, толық жауап беріп отырды.

Келген оқырмандардың әлеуметтік желідегі пікірлері де осының дәлелі болғандай.

Шындық негізі адамды тазартады. Өмірге кей тұстарда жазушының көзімен қарап, өзіміз де тазарып қалғандай болдық!

Оқырманымен ашық диалогқа құрылатын кездесу біздің авторларға әбден керек екен деп тарастық.

 

Ғазиза Құдайберген

 Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының  басшысы

 

 

Жүрекке оралу Жүрекке оралу

все новости новости »