«Елін сүйген ер тұлға»: Сүйінбай Аронұлының 210 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш

2025 жылғы 20 ақпанда А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің дарабозы Сүйінбай Аронұлының 205 жылдығына арналған «Елін сүйген ер тұлға» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері, әдебиет және өнер өкілдері қатысты. Кеш қонақтары қатарында жазушы, ҚЖО мүшесі Нағашыбек Қапалбекұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Махаббат Бигелді, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ақан Әбдуәлі, сондай-ақ Сүйінбай Аронұлының ұрпағы Үсен Дайырбаев болды. Сонымен қатар, кештің сәнін дәстүрлі әнші, Мәдениет саласының үздігі Мақпал Қазыбекқызы кіргізді.
Кеш барысында Сүйінбай Аронұлының шығармашылығы, оның қазақ поэзиясындағы орны мен айтыс өнеріне қосқан үлесі жан-жақты талқыланып, оның мұрасына деген құрмет тағы бір мәрте паш етілді. Қонақтар ақынның шығармашылығына қатысты өз ойларын ортаға салып, оның өнегелі өмір жолы мен өнері жайлы тың деректермен бөлісті.
Кештің музыкалық бөлігі де жоғары деңгейде өтті. Дәстүрлі әндер орындалып, жыр алыбының рухын асқақтатар шығармалар шырқалды.
Бұл әдеби-сазды кеш қазақ руханиятының ажырамас бөлігі саналатын Сүйінбай Аронұлының мұрасын дәріптеу жолындағы маңызды шаралардың бірі болды. Келушілер ақынның мұрасына деген ерекше құрметін білдіріп, кештен рухани серпіліспен тарқасты.