Ұлт руханиятының жаңа белесі: Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана ашылды

Бүгін Алматыда №4 кітапхана-бөлімшесіне ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің есімі ресми түрде берілді. Салтанатты рәсім Алматы қаласы әкімдігі мен Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараға еліміздің мәдениет пен әдебиет саласының көрнекті өкілдері қатысты.

Құттықтау сөз сөйлегендердің арасында Халықаралық Д. Қонаев атындағы қордың президенті Эльдар Қонаев пен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов болды.

Мереке Құлкенов өз сөзінде: «Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың ашылуы – руханият әлеміндегі зор оқиға. Бұл орын ұлы жазушының мұрасын дәріптеп қана қоймай, ұлттық әдебиет пен мәдениетті жаңа деңгейге көтеретін рухани орталыққа айналарына сенеміз. Мұхтар Әуезовтің мұрасы – халқымыздың рухани байлығының алтын қазығы, ал осындай орталықтар сол байлықты келер ұрпаққа жеткізудің сенімді көпірі болмақ» – деп атап өтті.

Кітапхананың ашылу рәсімін Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысының орынбасары Арман Халбеков, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов өткізді.

Салтанат аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – Мұхтар мен Мұрат Әуезовтерге арналған мемориалдық залдың ашылуы болды. Экспозицияда жазушының жеке заттары, сирек кездесетін естелік бұйымдар, кітаптар жинағы мен мұрағаттық фотосуреттер қойылған. Бұл жерде келушілер ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығының рухын сезіне алады.

Іс-шара барысында «Мұхтар Әуезовтің Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосқан үлесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған ғалымдар, жазушылар және Әуезовтер әулетінің өкілдері қатысты. Шара қатысушыларына жазушының немересі Зифа-Алуа Әуезова бейнеқұттықтау жолдады. Сондай-ақ Алматы Кітапханаларына Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің жеке кітап қорынан алынған еңбектер табысталды — бұл ұлы есімдерге деген құрмет пен рухани мұраға деген қамқорлықтың белгісі болды.

Салтанат барысында Әлкей Марғұланның бұрын жарияланбаған «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың ашылуы қаланың қоғамдық және мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналды. Бұл — мәдени кеңістіктің жаңғыруы ғана емес, сонымен қатар ұлы тұлғаға деген тағзым мен ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі.