Алматы кітапханасында Республика күніне арналған патриоттық кеш өтті

Еліміздің басты мемлекеттік мерекелерінің бірі — Республика күні қарсаңында 22-қазан күні А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстаным» атты патриоттық кеш өтті. Бұл шара Алматы кітапханаларының руханият, мәдениет пен ағартушылықтың ордасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Кештің негізгі мақсаты — ұлттық рух пен патриоттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін, мемлекеттік рәміздер мен мәдени дәстүрлерге құрметін арттыру болды. Сахнада әсерлі патриоттық әндер мен жүрекке жылы тиер өлеңдер орындалып, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін бейнелейтін бейнероликтер көрермендерге зор мақтаныш сезімін сыйлады.

Кештің құрметті қонақтары ретінде шығармашылық зиялы қауым мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Олардың арасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Болат Шарахымбай, Алмалы аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері, Қазақстан күрдтер қауымдастығы «Барбент» ұйымының мүшесі Бекир оғлы Этири Әлиевна, Қазақстан татар және башқұрт конгресінің белсенді қатысушысы Мансурова Камария Киәмовна, сондай-ақ әзербайжандық «ATA YURD – NOMAD» бірлестігінің төраға орынбасары Кенжина Насиха Гумарқызы болды. Қонақтар өз этностарының Қазақстанның дамуына қосқан үлесі туралы ойларымен бөлісіп, бірлік пен ұлтаралық келісімнің маңыздылығын атап өтті.

Кештің ерекше көріністерінің бірі — Мұрат Серікбаевтың жетекішілігімен Алматы қаласы әкімдігі концерттік оркестрінің квартеті және Италия, Испания мен Қытай сахналарын бағындырған сән әлемінің сүйкімді өкілдері — Алматы әжелерінің әсерлі өнер көрсетуі болды.

«Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстаным» атты патриоттық кеш тек мерекелік шара ғана емес, Отанға деген сүйіспеншілік пен алғыс сезімінің шынайы көрінісі болды. Мұндай бастамалар Алматы кітапханаларының ұлттық сананы, рухани және мәдени құндылықтарды нығайтуға қосып жүрген елеулі үлесін көрсетеді және жас ұрпақты Қазақстанның бай мұрасын қастерлеуге, оны одан әрі дамытуға шабыттандырады.