Алматылық кітапханада Республика күніне орай «Елдік пен ерліктің рухы» атты патриоттық сағат өтті

2025 жылғы 24 қазан күні Алматы Кітапханаларына қарасты №14 кітапхана-бөлімшесінде Республика күніне арналған «Елдік пен ерліктің рухы» атты патриоттық сағат өтті.

Кешке Бостандық ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ертай Досмекенов, белгілі жазушы және драматург Ақлима Сапарова, ардагерлер кеңесінің мүшелері Хайрулла Қожахметов пен Төрехан Қыдырәлі, сондай-ақ Кемел физика-математика мектебінің оқушылары қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар ел тарихындағы тағдырлы кезеңдер мен егемендікке қол жеткізу жолындағы ерлердің ерен еңбегін еске алды. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына арналған бейнероликтер көрсетіліп, патриоттық өлеңдер оқылды.

Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі, әнші әрі күйші Сағындық Қанжыға ұлттық әуендерді нақышына келтіре орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ал жас ақын Рүстем Арменұлының жалынды жырлары кештің әсерін тереңдете түсті.

Мерекелік шара аясында «Тәуелсіздік – мәңгілік ел тұғыры» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Қазақстан Республикасының тарихы мен тәуелсіздік жолын баяндайтын еңбектер, ел дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы кітаптар және елдік идеяларды дәріптейтін әдебиеттер қойылды.

«Бүгін біз егемен ел атанған тәуелсіздігіміздің шынайы жемісін сезініп отырмыз. Егемендік туралы Декларацияға қол қойылған тарихи күн – халқымыздың еркіндік пен елдікке деген асқақ ұмтылысының айғағы. Бұл күн – ұлт рухын асқақтатып, мемлекетіміздің тәуелсіздік жолындағы биік белесін айшықтайтын мәні терең мереке», – деді әдебиеттанушы, драматург Ақлима Сапарова.

«Елдік пен ерліктің рухы» атты патриоттық сағат қатысушылардың рухын көтеріп, Тәуелсіз Қазақстанның қадір-қасиетін ұғынуға мүмкіндік берген тағылымды шара болды.