Рух пен кітаптың шырақшылары: Алматыда кітапханашыларға арналған салтанатты іс-шара өтті

Alatau Creative Hub шығармашылық орталығында қаланың мәдени өміріндегі ең жарқын және маңызды оқиғалардың бірі — Кітапханашы күні атап өтілді. Бұл мереке – руханият пен парасаттың шырағын жаққан, жас ұрпаққа білім мен кітап қадірін дарытқан кітапханашылар еңбегіне деген ілтипат пен алғыстың жарқын мерекесіне айналды.

Салтанатты жиынға Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, кітапхана саласының ардагерлері, қалалық кітапханалардың қызметкерлері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Абдешұлы Құлкенов: «Кітапханашы – оқырман мен кітап арасындағы дәнекер ғана емес, кітапқа жан бітіретін тұлға. Оның еңбегі арқылы кітап руханияттың тірі қайнарына айналып, оқырман білім мен мәдениетке, рухани өсуге жол табады», — деп атап өтті.

Мерекелік сахнадан кітапхана ісіне өмірін арнаған, мәдени және рухани мұраны сақтау жолында аянбай еңбек еткен кітапханашыларға алғыс сөздері айтылды.

Іс-шара барысында Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, сондай-ақ Алматы қаласы Мәдениет басқармасының атынан кітапхана саласының ардагерлері мен еңбек сіңірген қызметкерлері алғыс хаттармен және құрмет грамоталарымен марапатталды.

Мерекелік көңіл-күйді қазақстандық эстрада жұлдыздарының шығармашылық нөмірлері мен музыкалық қойылымдары толықтырды. Концерттік бағдарлама шараның әсерлі де мазмұнды нүктесіне айналып, залды жылылық пен қуанышқа бөледі.

Жыл сайын Алматы Кітапханалары өз ардагерлеріне құрмет көрсетіп, олардың адал еңбегіне, кәсібіне берілгендігіне және қаланың мәдени-рухани дамуына қосқан өлшеусіз үлесіне алғыс білдіреді.

Бұл мереке тағы да бір рет кітапханашы — өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғаушы руханияттың алтын көпірі екенін дәлелдеді.