Алматылық кітапханада «Қазақтың шешендік өнері» атты үштомдық кітаптың тұсаукесері өтті

Алматыдағы Мухтар Әуезов атындағы кітапхана тағы бір мәнді мәдени оқиғаның куәсі болды. Мұнда «Қазақтың шешендік өнері. Генезис. Типология. Поэтика» атты үш томдық еңбектің тұсаукесері өтіп, оқырман қауым авторы Мамай Қаниұлы Ахетовпен жүздесіп, ой алмасу мүмкіндігіне ие болды. Бұл кездесу ұлттық руханиятты қолдауға бағытталған «ARTist» жобасының аясында ұйымдастырылып, ғылыми-гуманитарлық ойды дамыту жолындағы тағы бір тың қадамға айналды.
Шараға еліміздің беделді қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғылым мен мәдениет өкілдері, қаламгерлер және қазақ мұрасына бейім жұртшылық жиналды. Олардың қатысуы бұл еңбектің тек ғылыми орта үшін ғана емес, жалпы ұлттық мәдениет үшін маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Мамай Ахетовтың үш томдық зерттеуі көпшілік тарапынан ерекше қызығушылық тудырды. Автор еңбектің туу тарихын, дереккөздік ауқымы мен ғылыми тұжырымдарын кеңінен баяндап, қазақ шешендік өнерін бүгінгі заманмен сабақтастыра қарастырудың маңызын атап өтті. Зерттеу отандық гуманитарлық ғылымның дамуына серпін беретін салмақты үлес ретінде аталып, мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Кездесу барысында тыңдаушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, шешендік өнер феноменінің қоғамдық сананы қалыптастырудағы рөлі туралы ой бөлісті.
Жиналған қауымды ерекше баураған сәттердің бірі — ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдерінің қатысуымен өткен мазмұнды пікірталас болды. Онда айтылған пікірлер қазақ шешендік өнерінің өміршеңдігін, оның бүгінгі күнде де өзектілігін айқын көрсетті.
«Мамай Ахетовтың еңбегі — қазақ шешендік мектебінің тереңдігі мен қуатын қоғам санасына қайта оралтатын маңызды ғылыми зерттеу. Бұл еңбек қазіргі гуманитарлық ғылымға жаңа тыныс беріп, мәдени мұрамызды жаңа қырынан тануға жол ашады», – деп Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов өз сөзінде атап өтті.
Тұсаукесер нәтижесінде кітапхана қабырғасында ұрпақтар сабақтастығын сезіндіретін, ғылым мен мәдениеттің тоғысқан жылы атмосфера орнады. Қатысушылар мұндай кездесулердің ұлттық руханиятқа қуат беріп, жаңа ойлардың, жаңа ізденістердің туындауына ықпал ететінін ерекше атап өтті.