Алматыда жазғы буккроссинг маусымы басталады: тұрғындардың зияткерлік демалысына жаңа мүмкіндік

Алматы – мәдениет пен заманауи қалалық бастамалар тоғысқан мегаполис. Қалада тұрғындардың зияткерлік демалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған қоғамдық жобалар жыл сайын артып келеді. Солардың бірі – ашық қоғамдық кеңістіктерде ұйымдастырылатын жыл сайынғы жазғы буккроссинг алаңдары.
Биыл да қала саябақтарында арнайы кітап сөрелері орнатылып, тұрғындар мен қала қонақтары сүйікті кітабын еркін алып оқып, кейін оны басқа оқырманмен алмастыра алады. Бұл қарапайым ғана бастама серуенді мазмұнды демалысқа айналдырып, кітапқа деген қызығушылықты арттыруға ықпал етпек.
1 маусымнан бастап жазғы кітап сөрелері Ганди саябағында, Қарғалы саябағында, М. Мақатаев саябағы мен Центральная көшесі, 12Б мекенжайында орналасқан №44 кітапханада және шілде айынан бастап Гоголь көшесі, 109 мекенжайындағы А.П. Чехов атындағы орталық қалалық кітапханада өз жұмысын бастайды. Аталған сөрелер дүйсенбі-сенбі аралығында сағат 10:00-ден бастап 17:00-ге дейін жұмыс жасайды. Ашық аспан астында, саябақ тыныштығында кітап оқу – жазғы маусымды тиімді әрі әсерлі өткізудің ерекше мүмкіндігі.
Кітап сөрелеріндегі әдебиеттер қоры үнемі жаңарып отырады: мұнда көркем әдебиет те, танымдық және мотивациялық туындылар да кездеседі. Жоба қаладағы қоғамдық кеңістіктерді тек демалыс орны ғана емес, мәдени және интеллектуалды алмасу алаңына айналдыруды көздейді.
Жазғы серуенді кітаппен өткіз: саябақтағы буккроссинг сөрелерінен жаңа туынды тауып, өзіңіз оқып шыққан кітапты келесі оқырманға қалдыру арқылы ортақ кітап айналымына үлес қоса аласыз.