Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған бірқатар мерекелік шара өтті

Бүгін Алматы қаласында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматы Кітапханалары балаларға арналған мәдени-танымдық іс-шаралар өткізді. Балаларға шат күлкі мен қуаныш сыйлауға мүмкіндік беретін мереке аясында концерттік бағдарламалар, танымдық квесттер, викториналар, шығармашылық шеберлік сағаттары, кітап көрмелері, қайырымдылық акциялары мен интерактивті ойындар қамтылған.
Атап айтсақ, С.Бегалин атындағы қалалық балалар кітапханасында «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, оған 100-ге жуық бала жиналды. Жиын барысында Мұрат Серкебаевтың жетекшілігімен Алматы қаласы әкімінің концерттік оркестрінің ішекті аспаптар квартеті музыкалық шығармаларды орындады. Сонымен қатар, балалар апсайклинг бойынша шеберлік сағаттарында өз өнерлерін шыңдап, эстониялық «Лотте және ай тасының құпиясы» мультфильмін тамашалады. Алдар Көсе мен Буратино секілді ертегі кейіпкерлері де бүлдіршіндерге ерекше әсер сыйлады. Шара соңында балаларға балмұздақ үлестірілді.
Балаларға арналған тағы бір мазмұнды шара И.Крылов атындағы балалар кітапханасында өтті. «Бақытты бала – баянды болашақ» атты квест, ашық есік күні, концерттік бағдарлама, жаңа кітаптардың таныстырылымы мен кітап көрмесін қамтитын мерекелік жиынға 100-ден астам бала қатысты. Кешке арнайы шақырылған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ақ желкен» журналының кезекші редакторы Айнұр Мұрат, «Kausar» компаниясының жетекшісі Динара Бердімұрат және «Дружные ребята» газетінің бас редакторының орынбасары Ольга Рыбакина бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, ізгі тілектері мен жылы лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар, Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың ұйымдастыруымен Ганди саябағында «Бақыт деген – сенің бала күндерің» атты мерекелік кеш, №14 кітапханада «Жайнаған балалық шақ» атты танымдық квест, №26 кітапхананың бастамасымен №162 мектеп-гимназиясында «Бала тілі – бал» және Алматы Кітапханаларының Бельгер көшесі, 1Б мекенжайында орналасқан филиалында «Біз – бақытты баламыз» атты ертеңгілік ұйымдастырылып, балалар әр түрлі ойындар мен викториналарға қатысып, қызықты тапсырмаларды орындауға белсене атсалысты. Шара барысында бүлдіршіндер ән айтып, би билеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлаған мерекелік бағдарламаны тамашалады.
Сондай-ақ, қалалық Амфитеатрда Отбасылық оқу кітапханасының ұйымдастыруымен «Балалар – біздің болашағымыз» атты концерттік бағдарлама өтті. Аниматорлардың қатысуымен өткен шараға жүзге жуық бала қатысып, мерекенің жарқын сәттерінің куәсі болды.
Қаланың кішкентай тұрғындарының басын қосқан мерекелік іс-шаралар Алматы Кітапханаларының балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және рухани-мәдени құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарын айқындай түсті.