Алматы Кітапханалары Ташкентте өткен «InfoCheck Central Asia» халықаралық жобасына қатысты

2026 жылғы 8–9 маусым күндері Ташкент қаласында Гёте институтының ұйымдастыруымен «InfoCheck Central Asia» халықаралық жобасы аясында екі күндік тренинг өтті. «Болашақ кітапханалары: жастарға, медиасауаттылыққа және цифрлық мәдениетке арналған кеңістік» деп аталған бұл шараға Алматы Кітапханаларының қызметкерлері қатысты.
Тренинг бағдарламасы кітапханалардың жастарға арналған заманауи білім беру кеңістігі ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталды. Тәжірибе алмасу барысында қатысушылар медиасауаттылықты дамыту, сыни ойлауды қалыптастыру, дезинформациямен күресу және фактчекинг құралдарын тәжірибеде қолдану жолдарын үйренді.
Іс-шараға Германиядан келген медиа және кітапхана ісі саласының танымал мамандары Валерия Шойц пен Трейси Ример қатысып, өздерінің халықаралық тәжірибесімен бөлісті. Олар кітапхана жұмысындағы инновациялық тәсілдер, жастармен өзара әрекеттесу, цифрлық мәдениет пен ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін ортаға салды.
Ауқымды шарада Қазақстан атынан Алматы Кітапханаларының С. Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасының жетекшісі Алма Сейсенқызы Конарова мен Қазақстан Жазушылар кітапханасының қызметкері Айдос Бектұрсын қатысты. Мамандарымыз шетелдік әріптестерімен кәсіби тәжірибе алмасып, Орталық Азия елдерінің кітапханашыларымен бірлескен жобалар мен серіктестік орнату мүмкіндіктерін талқылады.
Бұл халықаралық тренинг кітапханалардың жаңа форматтағы қоғамдық және білім беру орталығы ретіндегі мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және медиасауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.