Алматы Кітапханаларында Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шаралар өтті

Қазақстанда шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Осы мерекеге орай қалалық кітапханаларда ұлттық өнерді насихаттауға, күй мәдениетін дәріптеуге және жастардың ұлттық құндылықтарға қызығушылығын арттыруға бағытталған бірқатар мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мереке аясында кітапханаларда қазақтың күй өнері мен ұлттық музыкалық мұрасына арналған кітап көрмелері, күй кештері, әдеби-сазды композициялар, флешмобтар, танымдық кездесулер, ақпараттық сағаттар, күй тартыстары және Dombyra Party форматындағы мәдени жиындар өтті.

1 шілде күні Қазақстан Жазушылар кітапханасында «Ән – домбыра, жыр – домбыра, күй – домбыра!» атты мәдени іс-шара ұйымдастырылды.

Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында «Қайран, қазағымның қоңыр домбырасы» атты ақпараттық сағат өтіп, ұлттық аспаптың тарихы мен рухани құндылығы кеңінен таныстырылды.

И.А. Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасында «Төл өнердің төресі – домбыра» атты күй тартыс шарасы өтті.

Сондай-ақ, Alatau Creative HUB орталығында «Күмбірлеген күй – ұлт қазынасы» атты күй кеші ұйымдастырылды.

Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың ұйымдастыруымен М. Ганди атындағы саябақта «Күй-керуен» атты Dombyra Party өтті.

№26 кітапхана Sanat_oner_bilim_ortalygy алаңында «Домбыра – Ұлы даланың жаны, ұлт тарихы» атты флешмоб өткізді.

2 шілде күні Алматы Кітапханаларының Бельгер көшесі, 1Б мекенжайында орналасқан филиалының ұйымдастыруымен «Күмбірле, күміс көмей домбыра!» атты әдеби-сазды композиция өтті.

3 шілде күні Мұқағали Мақатаев атындағы скверде А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – ұлттық рухтың үні» атты әдеби-сазды кеш өтті.

№10 кітапханада «Домбыра – дала әуені» атты әдеби-әуенді кеш ұйымдастырылса, №30 кітапханада «Домбыра – ұлттық рухтың символы» атты күй тайм, ал №33 балалар кітапханасында «Домбыра – бабалар мұрасы» атты тақырыптық сағат өткізілді.

Сонымен қатар аталған іс-шаралар аясында «Күмбірлеген қоңыр домбыра», «Домбыра – бабалар мұрасы», «Домбыра – халық мұрасы» және басқа да тақырыптық кітап көрмелері ұйымдастырылып, келушілерге библиографиялық шолулар ұсынылды.

Ұлттық домбыра күні аясында ұйымдастырылған іс-шаралардың басты мақсаты – қазақтың күй өнерін кеңінен насихаттау, ұлттық мәдени мұраны дәріптеу және жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру. Мерекелік бағдарламалар ұлттық рухты ұлықтап, домбыраның халқымыздың рухани өміріндегі айрықша орнын тағы бір мәрте айқындады.