Алматы Кітапханаларында Астана күніне арналған іс-шаралар өтті

6 шілдеде Қазақстанда мемлекеттік мереке – Астана күні аталып өтеді. Осы айтулы мереке аясында қалалық кітапханаларда елорданың тарихын, мәдениетін, сәулетін және ел дамуындағы маңызын насихаттауға бағытталған мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мерекелік бағдарлама аясында кітапханаларда кітап көрмелері, әдеби-сазды кештер, мәнерлеп оқу байқаулары, ақпараттық сағаттар, сурет салу байқаулары, интерактивті фестивальдер, викториналар және танымдық кездесулер өтті.

1 шілде күні Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада «Еліміздің бақ Ордасы – Астана» атты кітап көрмесі ұйымдастырылса, 6 шілдеде осы кітапханада «Астана – ән шуағым, жыр тұмарым» атты әдеби-сазды ревю өтті.

2 шілде күні №24 балалар кітапханасында «Еңселі Елордам!» атты мәнерлеп оқу байқауы ұйымдастырылып, қатысушылар Астана туралы өлеңдерді нақышына келтіре орындады.

3 шілдеде Қазақстан жазушылар кітапханасында «Туған күніңмен, Астанам!» атты мерекелік ертеңгілік өтіп, бүлдіршіндердің елорданың тарихы мен жетістіктері туралы танымы кеңейтіліп, шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған бағдарлама ұсынылды.

Ал Alatau Creative Hub орталығында «Астана – ел қуаты, елдік рухтың белгісі!» атты мерекелік іс-шара өтіп, көркемсурет үйірмесі қатысушыларының Астана тақырыбында салған шығармаларынан сурет көрмесі ұйымдастырылды.

№6 кітапханада «Ел жүрегі – Елорда» атты кітап көрмесі мен «Жұлдызың жансын, Астана!» сурет салу байқауы өтті.

Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің №11 мекемесімен бірлесіп «Асқақтай бер, Астанам!» атты ақпараттық сағат ұйымдастырылды.

6 шілде күні А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханасы М. Мақатаев атындағы саябақта «Елорда – елімнің жүрегі» атты кітап көрмесін өткізіп, «Астанам – асқақ арманым» сауалнамасын ұйымдастырды.

Сондай-ақ №14 кітапханада «Астананың рухани келбеті», №1 балалар кітапханасында «Ел жүрегі – Астана», Отбасылық оқу кітапханасында «Жасай бер, жайна, Астанам!», №44 кітапханада «Асқақта, айбынды елдің Астанасы», №18 балалар кітапханасында «Еліміздің бақ ордасы – Астана», №26 кітапханада «Елімнің жүрегі сен – Астана» атты кітап көрмелері ұйымдастырылып, оқырмандарға елорданың тарихы, қалыптасу кезеңдері, сәулеті, мәдениеті және тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы орны туралы әдебиеттер таныстырылды.

Астана күніне арналған іс-шаралар жас ұрпақтың ел тарихына, ұлттық құндылықтарға және Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға, сондай-ақ оқырмандардың тарихи-танымдық дүниетанымын кеңейтуге ықпал етті.