Белгілі қаламгер кітапхана қорына кітаптар сыйлады

Бүгін Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, белгілі қаламгер, аудармашы, сазгер Бақытжан Кененұлы Әзірбаев өзінің «Әке рухымен сырласу» атты бес томдық еңбегін Алматы Кітапханаларының кітап қорына сыйға тартты.
«Әке рухымен сырласу» туындысы – қазақтың көрнекті ақыны, әнші-композиторы, Қазақстанның халық әртісі Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған тағылымы мол еңбек. Көптомдықта ақынның өнегелі ғұмыры, өнердегі жолы, әкелік болмысы, адами қасиеттері мен кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұрасы жан-жақты баяндалады. Еңбек естелік-эссе жанрында жазылып, оқырманды ұлттық құндылықтарды тереңірек тануға жетелейді.
Кітапхана ұжымы кітап оқу мәдениетін дәріптеуге, ұлттық руханиятты насихаттауға және жас ұрпақтың рухани дамуына қосқан зор үлесі үшін Бақытжан Кененұлына шынайы алғысын білдіріп, авторға шығармашылық табыс, зор денсаулық және жаңа туындыларының оқырманға жол тарта беруіне тілектестік білдірді.
Аталған құнды туынды кітапхана қорынан орын алып, оқырмандар назарына ұсынылады.
Мұндай игі бастамалар кітапхана қорын байытып қана қоймай, ұлттық әдебиет пен рухани мұраны кеңінен дәріптеуге, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға және өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға зор үлес қосады.