Алматыда «Шабыт берген Алматы!» атты республикалық поэзиялық шығармалар байқауы басталады

Алматы қаласы Мәдениет басқармасы еліміздің барлық өңіріндегі ақындарын «Шабыт берген Алматы!» атты республикалық поэзиялық шығармалар байқауына қатысуға шақырады.
Байқау Алматы қаласының тарихи, мәдени және рухани маңызын ашып көрсетуге, қаланың өткенін, бүгіні мен болашағын, табиғи сұлулығын, бай мәдени мұрасын және қазіргі келбетін поэзия тілі арқылы бейнелеуге бағытталған.
Кім қатыса алады
Аталған байқауға Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматтары тұрғылықты жеріне және қызмет саласына қарамастан қатыса алады.
Байқау шарттары
Байқауға Алматы қаласына арналған қазақ немесе орыс тіліндегі авторлық өлеңдер қабылданады. Әр қатысушы көлемі кемінде бес шумақтан тұратын екі өлеңге дейін ұсына алады. Байқауға ұсынылатын жұмыстар түпнұсқа авторлық туынды болуы, бұрын еш жерде жарияланбауы және басқа әдеби байқауларда жүлдегер атанбаған болуы тиіс.
Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін шығармаларды сараптамалық комиссия мен кәсіби қазылар алқасы қарайды. Қазылар алқасының құрамына белгілі ақындар, жазушылар, әдебиеттанушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енеді.
Бағалау критерийлері
- байқау тақырыбына сәйкестігі;
- көркемдік деңгейі;
- авторлық идеяның ерекшелігі;
- поэтикалық тілдің бейнелілігі мен көркемдігі;
- шығарманың оқырманға эмоциялық әсері.
Байқау жеңімпаздары 2026 жылдың қыркүйек айында,
Алматы қаласы күні аясында жарияланады.
Жүлде қоры
І орын
3 000 000 ₸
ІІ орын
2 000 000 ₸
ІІІ орын
1 000 000 ₸
5 ынталандыру сыйлығы — әрқайсысы 300 000 ₸
Сонымен қатар, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің шығармалары «Шабыт берген Алматы» атты арнайы поэзиялық жинақта жарияланып, авторлар салтанатты марапаттау рәсіміне шақырылады.
Байқау қазіргі қазақстандық ақындар үшін маңызды шығармашылық алаңға айналып, жаңа есімдердің танылуына мүмкіндік береді, дарынды қаламгерлерді қолдауға, мәдени мұраны сақтауға, отандық әдебиетті дамытуға және Алматыны шабыттың, шығармашылықтың әрі мәдениеттің қаласы ретінде кеңінен насихаттауға ықпал етеді.
Қосымша ақпарат:
+7 747 965 3329 — Ания Алпысбай