Алматыда 3 мыңнан астам бірінші сынып оқушысына кітап сыйға тартылды

1 қыркүйек – Білім күніне орай Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Орталықтандырылған кітапхана жүйесі дәстүрлі «Бірінші сынып оқушыларына – кітапханадан сыйлық» акциясын өткізді.

Биыл акция аясында Алматының сегіз ауданындағы 22 мектептің 3 мыңнан астам бірінші сынып оқушысына балаларға арналған кітаптардан құралған арнайы сыйлықтар топтамасы табысталды.

Акцияның мақсаты – балалардың алғашқы мектеп күнін қуанышқа бөлеу, оларды кітапхана әлемімен таныстыру және ерте жастан кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.

«Баланың мектептегі алғашқы қадамы кітаппен басталса, бұл оның білімге, оқуға және ізденуге деген қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етеді. Біз әр баланың кітаппен достығын ерте жастан бастағанын қалаймыз», – деп Қазақстан жазушылар кітапханасының жетекшісі Мақпал Мұхаммедова акцияның маңыздылығын атап өтті.

Аталған акцияны жүзеге асыруға серіктестердің қолдауы зор үлес қосты. Балаларға арналған мерекені ерекше өткізуге «Атамұра», «Steppe world», «Ол-Жас», «Kazformoms», «Астана-кітап», «Мектеп», «Ана тілі», «Арман-пв», «Alqa publishing» баспалары, «KitapAl», «Ziyat» дүкендері және Қазақстан Жазушылар одағы, Баян Болатханова, Ділдар Мамырбаева, Сәуле Досжан, Бейбіт Сарыбай, Ильяс Юсуф, Қанат Қайым, Ермахан Шайхы секілді авторлар мен белгілі кәсіпкер Шатырхан Керімбек қолдау көрсетті.

Акция балаларды кітапқа жақындатып, оқу мәдениетін қалыптастыруға және кітапханамен достықты алғашқы мектеп күндерінен бастауға бағытталған.