Алматы Кітапханаларында Республика күніне орай бірқатар мерекелік іс-шаралар өтті

Елімізде жыл сайын 25 қазанда мемлекеттілігіміз бен егемендігіміздің символы саналатын ұлттық мереке – Республика күні аталып өтеді. Осы мерекеге орай Алматы Кітапханаларында бірқатар әдеби-мәдени, танымдық және патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мерекелік бағдарлама аясында кітап көрмелері, дөңгелек үстелдер, патриоттық сағаттар мен әдеби кештер өткізіліп, ел тарихы, тәуелсіздік құндылықтары мен отансүйгіштік тақырыптары кеңінен дәріптелді.
21 қазан
Республика күні қарсаңында №14 кітапхана мен №23 мектеп-гимназиясы бірлесіп, «Ұлттық рух пен патриотизм» атты мерекелік іс-шара өткізді. Ауған соғысының ардагері мен ақын-жазушылар қатысқан жиын жастарға тәуелсіздіктің қадірін ұғындырып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталды.
Атаулы мерекеге орай №15 кітапхана №84 жалпы білім беретін мектеп оқушыларының қатысуымен «Республика күні – Жаңа Қазақстан идеясының іргетасы» атты танымдық-патриоттық сағат өткізді. Жиында елдік пен ерлік, тәуелсіздік пен ұлттық құндылықтар, туған жерге деген сүйіспеншілік және жас ұрпақтың қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы мазмұнды әңгіме өрбіді.
Сондай-ақ, №39 балалар кітапханасында «Қазақстаным – тәуелсіздіктің тұғыры!», Қазақстан Жазушылар кітапханасында «Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем!», Алмалы кітапханасында «Қазақстан – ерікті елдің еңсесі» атты патриоттық кештер өтті. Аталған кештерде кітап көрмесіне библиографиялық шолулар жасалып, қатысушыларға патриоттық рухты нығайтуға бағытталған ән-күйлер ұсынылды.
22 қазан
Мереке қарсаңында Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана «Шабыт» балаларды дамыту орталығымен бірлесіп «Тұғыры биік, арманы асқақ – Қазақстан» атты әдеби-сазды патриоттық кеш өткізді. Шара барысында қонақтар Республика күнінің ел тарихындағы маңызы мен құндылығы туралы ой бөлісті.
Ал Алматы Кітапханаларының Герольд Бельгер көшесі, 1Б мекенжайындағы кітапханасында «Жаса мәңгі, қыран елім, Қазақстаным!» атты патриоттық кеш өтті. Іс-шара барысында Республика күнінің тарихи маңызы, тәуелсіз еліміздің жетістіктері мен жарқын болашағы туралы кеңінен сөз қозғалды. Сондай-ақ, арнайы викторина ұйымдастырылып, оқушылар өлең оқып, ән шырқады.
Сонымен қатар, Alatau Creative Hub орталығында «Мәңгілік ел мәртебесі», А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада «Ұлт рухының мерекесі» атты патриоттық кештер өткізілді. Іс-шара аясында Отан тарихын, ел тәуелсіздігі мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тақырыптық кітап көрмелері таныстырылып, кештің рухани маңызы дәріптелді.
Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралар №44 кітапханада «Республикам – Қазақстан, ерікті елге 35 жыл», Отбасылық оқу кітапханасында «Байтақ елім – Қазақстан», №33 кітапханада «Мәңгілік елдің мәртебесі», Алматы Кітапханаларының Розыбакиев көшесі, 247/7 мекенжайындағы кітапханада «Қазақстан – туған өлкем, жұмбақ мекен», И.А. Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасында «Қазақстан – бірлігіміздің бейнесі» атты тақырыптармен ұйымдастырылып, кеңінен аталып өтті.
Республикалық мерекеде ұйымдастырылған іс-шаралар өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және елге деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етті.