Қырғызстандық кітапханашылар тәжірибе алмасу мақсатында Алматы Кітапханаларында қонақта болды

Алматы қаласында 2026 жылғы 23 қарашада, Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қызметкерлері қонақта болды.

Кездесу барысында қырғызстандық мамандарға Алматы қаласы ОКЖ-нің кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетудегі заманауи әдістері таныстырылып, А.П. Чехов атындағы орталық қалалық кітапханада ғылыми-зерттеу және анықтамалық-библиографиялық жұмыс саласындағы үздік тәжірибелер ұсынылды.

Сонымен қатар, қонақтар кітапхана қорларын сақтау және консервациялау үдерістерін, реставрация бөлімінің жұмысын, қолданылатын арнайы жабдықтарды және кітаптарды қалпына келтіру кезеңдерін тамашалады.

Сондай-ақ, екі тарап кітапхана саласындағы байланыстарды кеңейту, екіжақты ынтымақтастықты дамыту және болашақта тәжірибе алмасу мақсатында Меморандумға қол қойды.

Аталған кездесу Қазақстан мен Қырғызстан кітапханалары арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға, өзара тәжірибе алмасуды жандандыруға және салалық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.