Алматы Кітапханаларында Ә. Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің 90 жылдығына арналған мәдени іс-шара өтті

Алматы Кітапханаларының бөлімшесі ALATAU CREATIVE HUB-та Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің 90 жылдық мерейтойына орай мазмұнды мәдени іс-шара ұйымдастырылды.
Шараға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, суретші, журналист Еркін Нұразхан; Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф, фольклортанушы, ҚР тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Байахмет Жұмабайұлы; «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Әуезов аудандық филиалы төрағасының орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері, еңбек ардагері Жағыпар Қасен; ақын Шынар Асылтай және Алатау ауданы “Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығының жетекшісі Гүлнар Сүймқұлова қатысты.
Іс-шара барысында Еркін Нұразхан қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің өмір жолы мен шығармашылығы жайлы тың деректермен бөлісіп, көрермендермен ашық сұхбат құрды. Ал Байахмет Жұмабайұлы өнердің көпқырлылығы мен сурет өнерінің тарихи маңызы жайлы тағылымды ойларымен бөлісті.
Шара аясында «Қылқалам құдіреті» атты кітап және сурет көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, Алатау театрының әншілері кеш қонақтарына рухани тарту жасап, ән мен жырға толы әсерлі сәттер сыйлады.
Мерейтой аясында ұйымдастырылған бұл мәдени кездесу көрермендерге рухани серпіліс сыйлап, өнердің өмірмен астасқан мәнін терең ұғынуға мүмкіндік берді.