Алматы Кітапханаларында «Оқыдың — ойна!» жобасы басталды — кітап оқығаныңа PlayStation 5-те бір сағат ойын уақыты!

2025 жылдың мамыр айынан бастап Алматы Кітапханаларында балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында ерекше жоба — «Оқыдың — ойна!» іске қосылды. Енді балалар оқыған әрбір кітабы үшін PlayStation 5-те бір сағат ойнау мүмкіндігіне ие болады.

Жоба 7 мен 15 жас аралығындағы кітапхана оқырмандарына арналған. Ойын уақытына ие болу үшін бала кітапхана қорынан балалар кітабын таңдап, оны оқып шығып, мазмұнын кітапханашыға айтып беруі керек. Әрбір оқылған және мазмұны дұрыс жеткізілген кітап үшін оқырманға арнайы жабдықталған ойын алаңында бір сағаттық ойын уақыты беріледі.

Жобаның басты мақсаты — балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту, есте сақтау қабілеті мен ойлауын дамыту және әдебиетке деген тұрақты ынтасын қалыптастыру. Ойын алаңдары заманауи техникамен жабдықталған және кітапхана қызметкерлерінің қадағалауында жұмыс істейді. Олар тәртіпті сақтауға, жабдықтың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және балаларға ойын консолін меңгеруге көмектеседі.

Ойын алаңдары келесі кітапханаларда орналасқан:

— №29 балалар кітапхана-бөлімшесі
— Alatau Creative Hub
— С. Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасы

Жоба тұрақты түрде жүзеге асырылады.