Дала даналығы мен солтүстік ертегілері: Алматыда якут авторларының кітап көрмесі ашылды

Бүгін С. Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасында якут авторларының балалар әдебиетіне арналған «Якутия мәдениетін таныту» атты кітап көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Аталған мәдени шара Алматы Кітапханалары мен Саха Республикасы Ұлттық кітапханасы (Якутия) арасындағы өзара ынтымақтастық аясында ұйымдастырылды.
Іс-шара балалар әдебиеті арқылы мәдениеттер арасындағы рухани байланысты күшейту, жас оқырмандардың дүниетанымын кеңейту және ұлттар арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға бағытталды.
Салтанатты ашылу рәсіміне якут диаспорасының өкілдері, зиялы қауым, мәдениет және қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мектеп оқушылары қатысты.
Кітапхана меңгерушісі Алма Қонарова атаулы мәдени жобаның маңызын атап өтті.
«Бұл көрме – тек әдеби іс-шара ғана емес, екі халықтың мәдени байланысын жандандыратын маңызды бастама. Осындай жобалар халықтар арасындағы рухани үндестікті арттырып, достық қарым-қатынасты нығайтады деп сенеміз», – деді ол.
Көрме аясында кітапхана қоры жаңа басылымдармен толықтырылып, оқырмандар үшін солтүстік халықтарының бай әдеби мұрасымен тұрақты түрде танысу мүмкіндігі кеңейді.
Кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен театрландырылған қойылым ұсынылды. Алматы қаласындағы якут диаспорасының өнерпаздары ұлттық музыкалық аспаптарда өнер көрсетіп, көрермендерді Саха халқының әуендерімен таныстырды. Бұдан бөлек, якут халқының бірегей рухани мұрасы – «Олоҥхо» қаһармандық эпосынан үзінді якут тілінде оқылып, шараның мазмұнын байыта түсті.
Көрменің ашылу салтанатында Саха Республикасы Ұлттық кітапханасының ғылыми қызметкері Виктория Михайлова жобаны алдағы уақытта Қазақстанның басқа да кітапханаларында жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Қазіргі таңда біз шамамен 40 кітап алып келдік, алдағы уақытта кітап қорын кеңейтуді көздеп отырмыз. Көрменің басты мақсаты – жергілікті диаспораны қолдау. Қазақстанда саха (якут) халқының өкілдері жеткілікті, сондықтан олардың өз ана тілінде кітап оқуына мүмкіндік беру маңызды. Атаулы жоба Қазақстан қоғамы үшін де пайдалы болады деп сенемін», – деді ол.
Жиын соңында №8 мектеп-гимназиясы және «ҮРКЕР» мектебінің оқушыларына Алматы хайуанаттар бағына тегін билеттер сыйға тартылды.