Шекарасыз кітапханалар: Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін жаңа форматтағы кітапханалар бойынша баспасөз туры өтті

Алматыда жаңа буынның тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларына арналған баспасөз туры өтті. БАҚ өкілдері мен журналистер қалалық кітапханалардың заманауи, технологиялық әрі жайлы мәдени кеңістікке қалай айналып жатқанымен танысты.
Қатысушылар Алматы Кітапханаларының үш бөлімшесінде болды — Alatau Creative Hub орталығы, Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана және Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы. Кітапханалар бүгінде тек кітап сақтау орны емес, кез келген уақытта келіп оқу, жұмыс істеу, шығармашылықпен айналысу және демалу мүмкіндігі бар ашық мәдени орталыққа айналған.
Журналистердің ерекше назарын Alatau Creative Hub орталығында орнатылған өзіне-өзі қызмет көрсету станциясы аударды. Бұл құрылғының көмегімен оқырмандар бірыңғай оқырман билеті арқылы кітапты өз бетімен алып, қайта өткізе алады. Мұндай станциялар қалалық «Қадамдық қолжетімді кітапхана» жобасының маңызды бөлігіне айналды. Қазіргі таңда қала бойынша 26 автономды кітапхана орнатылған. Олар халық көп жүретін орындарда — сауда орталықтарында және метро бекеттерінде орналасқан. Жыл соңына дейін тағы 6 автономды кітапхана орнатылуы жоспарланып отыр.
Баспасөз туры барысында қатысушылар инклюзия бағытында жұмыс істейтін бөлімдердің қызметімен де танысты. Мұндай бөлімдер Алматы Кітапханаларының жеті кітапхана-бөлімшесінде жұмыс істейді және заманауи құрал-жабдықтармен, Брайль қарпі мен дыбыстық бағдарламалармен қамтамасыз етілген. Бұл — ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың ақпаратқа тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жоба. Сонымен қатар, қозғалысы шектеулі тұрғындарға арналған тегін кітап жеткізу қызметі іске асырылған. Бұл бастама Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және Yandex Qazaqstan компаниясымен бірлесе жүзеге асуда.
Кездесу барысында кітапхана жүйесінде енгізіліп жатқан автоматтандырылған ақпараттық-библиографиялық жүйе (ААБЖ) де таныстырылды. Бұндай жүйе кітап қоры мен оқырмандар деректерін біріктіріп, іздеу үдерісін жеңілдетеді және бірыңғай электронды каталогты қалыптастырады.
Баспасөз турының барысында тәулік бойы жұмыс жасайтын кітапханалардың жетекшілерімен брифинг өтті. Онда журналистер кітапханаларды цифрландыру, инклюзивті кеңістіктерді дамыту және кітапханалардың болашағы жөнінде сұрақтар қойды. Жетекшілер атап өткендей, басты мақсат — әр алматылықтың өзіне ыңғайлы уақытта білім мен шабыт алуға мүмкіндік беретін ашық мәдени кеңістік қалыптастыру.
Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың меңгерушісі Әлия Іңкәрбек:
«Цифрлық кітапхана – дәстүрлі кітапхананың баламасы емес, оның жалғасы. Біз технология мен мәдениетті біріктіре отырып, білімді баршаға қолжетімді, ал оқуды — заманауи әрі ыңғайлы етуді көздейміз», — деп атап өтті.
Цифрландыру үдерісі кітапхана қызметінің онлайн бағытында да айқын көрініс тапты. www.almatylibrary.kz ресми сайтында электронды оқу залы, кітапханалар бойынша виртуалды 3D-тур, онлайн тіркеу қызметі және кітап жеткізу мүмкіндігі бар. Бүгінгі күні электронды форматта 30 мыңнан астам басылым қолжетімді, оның ішінде 13 мыңнан астамы биыл цифрландырылған — бұл жалпы қордың 61 пайызын құрайды (49 492 атау).
2026 жылы іске қосылуы жоспарланған мобильді қосымша оқырмандарға өз аккаунтын басқаруға, кітаптарға алдын ала тапсырыс беруге және каталогпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар бүгінде қалалық өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Мұнда студенттер мен мектеп оқушылары, шығармашылық өкілдері мен отбасылар бірге оқиды, демалады, ой бөліседі және жаңа жобалар жасайды. Бұл баспасөз туры Алматы Кітапханаларының дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіріп, білім мен мәдениетке жаңа тыныс беріп келе жатқанын айқын көрсетті.