Алматыда «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты әдеби кеш өтті

Бүгін А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Іс-шараның мақсаты – Абай Құнанбайұлының бай әдеби мұрасын, терең философиялық ойларын және рухани құндылықтарын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, ұлы ақынның өнегелі жолын үлгі ету және Абай дәстүрін жалғастыратын жастардың қатарын арттыру.
Әдеби кешке филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Алшынбекұлы, ғалым, қоғам қайраткері Асылы Осман, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен әдебиет сүйер қауым қатысты.
Кеш барысында қонақтар Абайдың әдеби мұрасы, оның қазақ руханиятындағы орны, шығармаларының бүгінгі қоғам үшін маңызы туралы мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, ақын мұрасын насихаттауға арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандар назарына Абайдың шығармалары, өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеу еңбектері мен әдеби басылымдар ұсынылды.
Кеш аясында Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығының шәкірттері Абайдың өлеңдері мен тағылымға толы қара сөздерін мәнерлеп оқып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, ақынның жұртшылшыққа танымал әндері орындалып, ұлттық музыка мен поэзия рухани кештің сәнін келтірді.
Аталған кеш Абайдың мол мұрасын ұлықтап, қатысушыларды ұлттық руханияттың қайнарынан сусындатып, ұлы ақынның өнегелі ойларын жас ұрпақтың санасына сіңіруге бағытталған тағылымды шараға ұласты.