Алматыда Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдығына орай ғалымның есімі ұлықталды

Алматыда көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, абайтанушы және қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдық мерейтойына орай оның есімі берілген көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Көше «Алматы Арена» көпсалалы мұз кешенінің маңында, Бауыржан Момышұлы көшесінің қиылысында орналасқан.
Ғалым есімінің қала көшесіне берілуі — оның қазақ әдебиеті мен ұлттық руханиятқа сіңірген еңбегіне көрсетілген құрмет әрі ғылыми мұрасын кейінгі ұрпаққа таныту жолындағы маңызды қадам.
Тағылымды іс-шараға қала басшылығы, мәдениет саласының өкілдері, жазушылар, әдебиеттанушы-ғалымдар, зиялы қауым және Қайым Мұхамедхановтың ұрпақтары қатысты.
Мерейтойлық бағдарлама «Alatau Creative Hub» орталығында «Қайым Мұхамедханов – ұлт руханиятының шамшырағы» атты әдеби іс-шарамен жалғасты.
Басқосуда Қайым Мұхамедхановтың өмір жолы мен ғылыми еңбектері туралы естеліктер айтылды. Ғалымның адамдық болмысы, ұстанымына беріктігі, Абай мұрасын зерттеуге қосқан үлесі мен ұлттық мұраға жанашырлығы жайындағы әңгімелер ғалымның тұлғасын тереңірек тануға мүмкіндік берді.
Шарада құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы бүгінгі оқиғаның маңызына тоқталып, Қайым Мұхамедханов есімінің көшеге берілуі – тарих, әдебиет пен руханиятымыз үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. «Қайым Мұхамедхановтың есімін қала көшесіне беру — қазақ әдебиеті мен ұлттық руханиятқа көрсетілген құрмет. Ұлы Абайдың мұрасын зерттеуге өлшеусіз еңбек сіңірген мұндай тұлға ғасырда бір туады. Қайым ағамыз — болмысы бөлек, ұстанымы берік тұлға. Халқы барда есімі ұлықталып, мұрасы ұрпақпен бірге жасай береді», – деді қаламгер.
Шара аясында ұйымдастырылған кітап және фотокөрмелер, бейнематериалдар ғалымның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын кеңінен таныстырды. Ал Алатау театрының өнерпаздары мен Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері ұсынған поэтикалық композициялар мен театрландырылған қойылымдар Қайым Мұхамедхановтың тұлғалық болмысын көркем бейнелеп, кештің мазмұнын байыта түсті.
Мерейтойлық іс-шара Қайым Мұхамедхановтың есімін ұлықтап, рухани мұрасын жас ұрпаққа жеткізуге арналды.