Алматы Кітапханаларының жазғы буккроссинг сөрелері өз жұмысын аяқтады

Алматыда жазғы демалыс кезінде саябақтарда ұйымдастырылған буккроссинг сөрелері өз жұмысын аяқтады. 1 маусымнан бастау алған жоба қала тұрғындары мен қонақтарына ашық аспан астында кітап оқуға және кітап алмасуға мүмкіндік берді.

Буккроссинг сөрелері Қарағайлы, Мақатаев және Ганди саябақтарында орналастырылып, үш ай бойы кітапсүйер қауым үшін қолжетімді оқу және кітап алмасу алаңына айналды.

Үш айдың қорытындысы бойынша сөрелердегі жалпы кітап қоры 5 мыңға жуық кітапты құрады. Осы кезеңде буккроссинг сөрелеріне 6 мыңдай оқырман келіп, олардың 2 мыңға жуығы кітаптарды үйге оқуға алды. Сонымен қатар, оқырмандар оқып болған кітаптарын қайтадан сөрелерге әкеліп, қордың толықтырылуына үлес қосты. Үш ай ішінде сөрелерге орырмандар тарапынан 2 023 кітап қойылды.

Осылайша, буккроссинг жобасы қала тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, кітап оқу және кітаппен бөлісу мәдениетін дамытуға, сондай-ақ кітапханаға жаңа оқырмандар тартуға мүмкіндік берді.