Алматы қалалық мәслихаты депутаттары мәдениет мекемелерінің басшыларымен кездесті

2023 жылғы 27 шілдеде А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада Алматы қалалық мәслихаты депутаттарының Алматы Кітапханалары басшылығымен кездесуі болып өтті. Оған Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлибаев, Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Мейіржан Отыншиев, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары Серік Есматов, Қарашаш Жүзеева, Еркін Рақышев, Алматы Кітапханалары директоры Мейрам Бектембаев, сондай- ақ Алматы қаласының басқа да мәдени мекемелерінің басшылары қатысты.

Талқылау барысында мәдениеттің дамуы –  жалпы қоғам дамуының маңызды қыры болып табылатыны атап өтілді. Мәдениет мекемелерін барлық деңгейде дамыту және қолдау, оған жұртшылықты қатыстыру, тиісті жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасау қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ, мәдени іс-шараларға қала тұрғындарының, жастардың және мүмкіндігі шектеулі жандардың кеңінен қатысу қажеттілігі талқыланды. Мәдени мекемелер желісін кеңейту және тегін немесе жеңілдетілген іс-шаралар өткізу идеясы туралы да айтылды.

Бүгінгі таңда мәдениет қызметкерлерінің еңбек жағдайларын, әлеуметтік қорғалуын және материалдық әл-ауқатын жақсарту да маңызды мәселе болып табылады. Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы бұл мәселелерді шешу – кәсіби кадрлар үшін осы қызмет саласының тартымдылығын арттыратынын және жас мамандардың басқа салаларға кетуін шектейтінін атап өтті.

Депутаттар аталған мәселелердің  оң шешімін табуы мәдениет қызметкерлерінің еңбегін әділ бағалауға, кәсіби өсуге және тәжірибелі мамандарды тартуға ықпал ететін болады деген пікір білдірді.