Алматыда алғаш рет сауда орталығында кітап беру пункті ашылды

Алматы қаласы Жетісу ауданындағы «Adem» сауда орталығында қалалық кітапханалардың кітап беру пункті ашылды.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқитын ұлт» жобасы аясында қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – қала тұрғындарының кітапқа қолжетімділігін арттыру, кітап оқуға қызығушылығын қалыптастыру және оқу мәдениетін дамыту.
Аталған шараға белгілі қаламгер Нұрдәулет Ақыш, ақын Бақыт Беделхан, айтыскер-ақын Серік Қали, ақын Мұратхан Шоқан, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы және мәдениет саласының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Жаңа нысанның шымылдығын Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы мен жазушы Нұрдәулет Ақыш ашты. Игі бастаманы қолдаған қаламгерлер де өз кітаптарын сыйға тартып, жаңа кітап беру пунктінің қорын құнды шығармалармен толықтырды.
Алматы Кітапханаларының №14 филиалының меңгерушісі Зарина Айдосқызы жаңа кітап беру пунктінің сауда орнында ашылуы тұрғындар үшін кітапхана қызметтерінің қолжетімділігін арттыратынын атап өтті.
«Кітап беру пунктінің сауда орнында ашылуы – кітапхананың дәстүрлі кеңістіктен шығып, тұрғындардың күнделікті өміріне бағытталған бастама. Бұл кітапхана қызметтерін тұрғындарға барынша қолжетімді етудің заманауи үлгісі. Аталған жоба қала тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, «оқитын ұлт» қалыптастыруға бағытталған. Жаңа кітап беру пункті осы мақсатты жүзеге асыруға өз үлесін қосып, оқырмандардың сүйікті орындарының біріне айналады деп сенемін», – деді Зарина Айдосқызы.
Кітап беру пунктінің ашылуын сауда орталығының кәсіпкерлері де жылы қабылдады. Кәсіпкер Залинаның айтуынша, мұндай бастама тұрғындарға кітапты күнделікті өміріне жақындатуға мүмкіндік береді.
«Кітап беру пунктінің дәл осы сауда орталығында ашылғаны біз үшін қуанышты жаңалық. Күнделікті өмірде арнайы кітапханаға баруға, кітап алуға уақыт бола бермейді. Енді жұмыс орнымыздан алыстамай, бос уақытымызда осында келіп кітап алу тиімді. Бұл тек осында жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен қызметкерлер үшін ғана емес, сауда орталығына келушілер үшін де жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Кітаптың осындай қолжетімді жерде болғаны қуантады», – деп атап өтті.
«Adem» сауда орталығының кәсіпкерлері мен келушілері алғашқы күннен бастап «Оқитын ұлт» идеясын жүзеге асыруға бағытталған бұл бастамаға қолдау көрсетіп, жобаға қызығушылық танытуда. Бүгінде аталған кітап беру пунктінің қорында 2 000-нан астам кітап бар. Алдағы уақытта қаланың басқа да аудандарындағы сауда орталықтарында осындай кітап беру пункттерін ашу арқылы тұрғындың кітап оқуға қолжетімділігін арттыру жоспарлануда.
Жаңа кітап беру пункті сейсенбі-жексенбі күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Жетісу ауданының тұрғындары мен «Adem» сауда орталығының келушілерін жаңа кітап беру пунктіне келіп, қажетті кітаптарды таңдап, кітап оқуға шақырамыз!
Айта кетейік, бүгінде Алматы қаласында жалпы 39 кітапхана жұмыс істейді. Оның ішінде 30-ы қалалық кітапхана және 7 кітапхана тәулік бойы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, қала бойынша адамдар көп шоғырланған орындарда 32 өзіне-өзі қызмет көрсету автономды кітапхана орналасқан.