Алматыда «Алматының жас жазушысы – 2026» қалалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

Бүгін Алматы қаласындағы А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада «Алматының жас жазушысы – 2026» қалалық байқауы жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Аталған байқау көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына орай, сондай-ақ «Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасы мен «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бұл бастама жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған маңызды мәдени алаңға айналды.
Биылғы байқауға 14 пен 17 жас аралығындағы 171 оқушы қатысып, өздерінің әдебиетке деген көзқарасын, ой тереңдігі мен шығармашылық ізденісін көрсетті.
Іс-шара барысында әдебиет пен мәдениет саласының көрнекті өкілдері – Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, «Өркен» балалар әдебиетін дамытуды қолдау қоғамдық қорының президенті Мәди Нүсіпбаев, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары Игорь Крупко, ақын, жазушы, аудармашы, редактор Фархат Тәмендаров және өзге де мәдениет қайраткерлері құттықтау сөз сөйледі.
Қазақ тіліндегі шығармалар арасында №174 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Қайрат Әбдірахманның туындысы үздік деп танылды. Ал орыс тіліндегі жұмыстар ішінде №95 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Касенова Алима ең жоғары бағаға ие болды.
Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар мен Олжас Сүлейменовтің поэмалар жинағы табысталды. Сонымен қатар олар республикалық кезеңге қатысуға жолдама алды. Байқауға қатысқан барлық оқушылар мен олардың жетекшілері алғыс хаттармен марапатталды.
«Өркен» балалар әдебиетін дамытуды қолдау қоғамдық қорының президенті және ұйымдастырушылар қатарындағы Мәди Нүсіпбаев іс-шараға қатысты өз пікірін білдірді: «Бұл байқау жас қаламгерлердің шығармашылық әлеуетін ашуға, олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға жол ашады. Қатысушылардың әрбір жұмысы – ізденіс пен еңбектің нәтижесі. Осындай бастамалар арқылы жас жазушылардың жаңа буыны қалыптасатынына сенім мол» – деді белгілі жазушы.
Бұл байқау жас дарындардың шығармашылық әлеуетін арттырып, әдебиетке деген қызығушылығын тереңдетуге, сондай-ақ ұлттық руханиятты дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Салтанатты рәсім жас таланттардың еңбегін лайықты бағалаумен қатар, олардың әдебиет әлеміндегі алғашқы маңызды қадамдарын айшықтай түсті.