Алматыда мәдени қос мереке: Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күні атап өтілді

Бүгін Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Alatau Creative Hub орталығында мәдениеттің жаршысына айналған айтулы қос мереке – Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай «Кітапханашы – мәртебелі мамандық» атты салтанатты іс-шара өтті.

Сала мамандары мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан бұл жиын кітапхана ісінің қоғамдағы маңыздылығы мен мәртебесін айқындай түсті.

Алқалы жиынға Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшылығы, мәдениет және өнер қайраткерлері, кітапхана ісінің ардагерлері, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген кітапхана басшылары мен мамандары қатысты. Сонымен қатар, АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулдығының қоғамдық дипломатия бөлімінің маманы Корина МакГрегор құттықтау лебізін білдірді.

Іс-шараны Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев ашып, жиналған қауымды қос мерекемен құттықтады:

«Бүгін – әдебиет пен мәдениеттің қос қазынасы тоғысқан ерекше күн. Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күні құтты болсын! Кітап – адамзаттың рухани дамуының негізі, ал кітапханашы – сол қазынаны сақтап, ұрпаққа жеткізуші маңызды тұлға. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз әрдайым жоғары құрметке лайық. Кітап оқуға деген қызығушылық ешқашан бәсеңдемесін, ал сіздердің қызметтеріңіз жаңа жетістіктермен толыға берсін. Мерекелеріңіз құтты болсын!»

Шараның негізгі бөлімінде кітапхана ісінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге және осы салада табысты еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетілді. Оларға Алматы қаласы әкімінің атынан алғыс хаттар табысталды.

Іс-шара аясында жазушы Бауыржан Жақып жиналған қауымды мерекемен құттықтап, өз ойымен бөлісті:

«Баршаңызды Ұлттық кітап күнімен және Кітапханашылардың кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Кітап пен кітапханаға деген құрмет күн өткен сайын артып келеді. Ұлттық сананы қалыптастыру мен рухани құндылықтарды дәріптеудегі жүйелі еңбектеріңіз айқын көрініп отыр. Осы маңызды миссиядағы табанды қызметтеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін».

Аталмыш іс-шара әдебиет пен мәдениетті ұлықтап, ұлттық руханияттың тірегі – кітап пен кітапхана мәртебесін асқақтатқан мазмұнды әрі тағылымды кездесу болды.