Алматыда Сапарғали Бегалиннің «Әңгімелер» жинағының тұсаукесері өтті

Бүгін Сапарғали Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасында көрнекті жазушы, ақын, қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сапарғали Бегалиннің «Әңгімелер» атты жинағының салтанатты тұсаукесері өтті. Кітап Meloman Publishing баспасынан жарық көрген.
Іс-шараға Сапарғали Бегалиннің немересі Бегалина Гүлнар Хамитқызы, жазушы Нұрдәулет Ақыш, Meloman Publishing баспасының өкілдері, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы Қоғамдық даму орталығының басшылығы, әдебиеттанушылар, қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының өкілдері және әдебиетсүйер қауым қатысты.
Жиын барысында жазушының немересі Гүлнар Бегалина және Meloman Publishing баспасының шығарушы редакторы Қаракөз Тұрғанова құттықтау сөз сөйлеп, Сапарғали Бегалиннің әдеби мұрасы мен бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Сондай-ақ, тұсауы кесілген «Әңгімелер» жинағы жас оқырмандар арасында кеңінен насихаттауға, олардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға және ұлттық әдеби мұраны дәріптеуге қосатын үлесін ерекше атап өтті. Кітапқа қаламгердің шағын прозадағы таңдаулы шығармалары «Жас бұтақ», «Бала мерген», «Есеннің кірпісі» және өзге де әңгімелері енген.
Бағдарлама аясында қатысушыларға дәстүрлі күй мен қазақ классикалық музыкасының әсем туындылары ұсынылды.
Сонымен қатар, қатысушыларға арналған «Сиқырлы чемодан» атты танымдық сөзжұмбақ ойыны ұйымдастырылып, қонақтар Сапарғали Бегалиннің шығармашылығы мен қазақ балалар әдебиетінің бүгінгі дамуы туралы өз пікірлерімен бөлісті.
Іс-шара өскелең ұрпақтың ана тілі мен төл әдебиетіне деген қызығушылығын арттыруға, Сапарғали Бегалиннің шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге ықпал етті.