Алматыда ұлы композитордың шығармашылығына арналған кеш өтті

Алматы қаласында 14 тамыз күні М.Әуезов атындағы кітапханада қазақ вальсінің королі, көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған «Шәмші Қалдаяқов – сырлы ән, сазды ғұмыр» атты мерекелік кеш өтті.
Салтанатты шараға ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Сұлушаш Кұлжабайқызы, тарихшы, PhD доктор Берік Ағыбаев, жазушы, Қытай жазушылар одағының, Гансу провинциясы қоғамының және Шинжиаң жазушылар одағының мүшесі Күләшхан Мұқаметханқызы, әнші, композитор Нұрбай Қалбынұр, академик, «Алтын ханымдар» тобының жетекшісі Ботан Бекетбайқызы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Нұржамал Әшімхан және композитордың замандастары мен өнер сүйер қауым қатысты.
Іс-шара барысында қонақтар Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктерімен бөлісіп, жылы лебіздерін білдірді. Композитордың танымал әндері шырқалып, оның шығармаларының қазақ музыка өнеріндегі орны кеңінен сөз болды.
Сонымен қатар, «Алтын ханымдар» тобының қатысуымен ұлттық киімдерден сән шеруі ұйымдастырылды. Сән шеруінде қазақ халқының ұлттық киімдері таныстырылып, олардың ерекшелігі мен көркемдік мәні көпшілік назарына ұсынылды.
Бұл кеш – ұлы композитордың бай мұрасын ұлықтап, оның өшпес әндерін қайта жаңғыртқан тағылымды шара болды. Шәмшінің сырлы сазы мен әсем әуендері халық жадында сақталып, келешек ұрпаққа рухани қазына болып қала берері сөзсіз.