Балалар қуанышы – басты назарда: Алматы кітапханалары Халықаралық балаларды қорғау күніне мерекелік бағдарламаны ұсынады

Алматы Кітапханаларында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік шаралар өтеді

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматы қаласының кітапханалары кішкентай тұрғындар мен қала қонақтары үшін мазмұнды әрі жарқын мерекелік бағдарлама ұсынады. Бұл күн – тек қуаныш пен шаттыққа толы мереке ғана емес, сонымен қатар бала құқығын қорғау мен жас ұрпаққа қамқорлық көрсетудің маңыздылығын айқындайтын ерекше күн.

Мереке аясында қалалық кітапханаларда концерттік бағдарламалар, танымдық және мәдени-демалыс шаралары, интерактивті алаңдар, викториналар мен қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады.

1 маусым күні:
Крылов атындағы балалар кітапханасында сағат 10:00-де «Бақытты бала – баянды болашақ» атты квест, ашық есік күні, концерттік бағдарлама, жаңа кітаптардың таныстырылымы мен кітап көрмелері өтеді.

Ганди саябағында сағат 11:00-де Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың ұйымдастыруымен «Бақыт деген – сенің бала күндерің» атты мерекелік бағдарлама жоспарланған.

№14 кітапханада сағат 11:00-де «Жайнаған балалық шақ» атты әр түрлі тапсырмалар мен қызықты кезеңдер қамтылатын танымдық квест ұйымдастырылады.

Бельгер көшесі, 1Б мекенжайында орналасқан Алматы Кітапханаларының филиалында сағат 11:00-де «Біз – бақытты баламыз» атты ертеңгілік өтеді.


№162 мектеп-гимназиясында №26 кітапхананың ұйымдастыруымен сағат 11:00-де «Бала тілі – бал» атты викторина, ән, би бағдарламасы өтеді.

№33 кітапханада сағат 11:00-де «Балаларға қуаныш сыйлайық» атты мерекелік кеш ұйымдастырылады.

Амфитеатрда сағат 15:00-де Отбасылық оқу кітапханасының ұйымдастыруымен «Балалар біздің болашағымыз» атты аниматорлардың қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді.

2 маусым күні Alatau Creative Hub орталығында сағат 12:00-де жазушы, драматург және қоғам қайраткері Ильяс Юсуфтың қатысуымен «Тысяча книг в дар» қайырымдылық мәдени іс-шара өтеді. Қоғамдық маңызы бар бұл бастама Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту, өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттыру және «Оқитын ұлт» жобасын іске асыру жөніндегі тапсырмаларын қолдау мақсатында жүзеге асырылуда.


Аталған шара аясында автор жазушылық мансабының 7 жылдығын атап өтіп, мектептерге, кітапханаларға және жас оқырмандарға қазақ және орыс тілдеріндегі туындыларын сыйға тартады. Олардың қатарында қазақ хандығы туралы комикстер «Керей мен Жәнібек», «Тень ангела», «Ночная симфония», «Я вчера. Сегодня. Завтра», «Жизнь моими глазами» және т.б. кітаптары бар.

Алматы Кітапханалары бұл игі бастама арқылы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және рухани-мәдени құндылықтарын арттыруға ерекше көңіл бөледі.