«Бірінші сынып оқушыларына – кітапханадан сыйлық»: Алматыда Білім күні ерекше акциямен аталып өтті

1 қыркүйек күні Алматы Кітапханалары жаңа оқу жылының басталуына және Білім күніне орай «Бірінші сынып оқушыларына – кітапханадан сыйлық» атты акция ұйымдастырды.
Бұл шара жас алматылықтар мен олардың ұстаздары үшін жарқын оқиға болды. Негізгі мақсат – балаларға мектептегі алғашқы күні қуаныш сыйлау, оларды кітапхана мәдениетімен таныстыру және бүкіл оқу жолында сенімді серік болатын кітап оқуға деген қызығушылықты ояту.
Осы күні қаланың сегіз ауданындағы он мектептен 1394 бірінші сынып оқушысы арнайы сыйлық жиынтықтарына ие болды. Оған Алматы Кітапханалары туралы буклет, оқуға арналған кітаптар және білім мен шығармашылық әлеміне есік ашатын электронды оқырман билеті кірді. Ерекше назар педагогтарға да аударылды – сынып жетекшілеріне еңбектеріне алғыс ретінде естелік сыйлықтар табысталды.
Акцияның жүзеге асуы серіктестердің қолдауы арқасында мүмкін болды. Балалар үшін мерекені айрықша етуге үлес қосқандар қатарында – «Арман-ПВ» және «Атамұра» баспалары, «Отбасы хрестоматиясы» жобасы, «Меломан» кітап дүкендері желісі, сондай-ақ демеушілік қолдау көрсеткен «Аптека+» дәріханасы бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар мектеп оқушыларының кітапқа жүгіну және кітапханаларды жиі пайдалану әдетін қалыптастыруға көмектеседі, сондай-ақ білім беру үдерісі мен өсіп келе жатқан ұрпақтың мәдени дамуы арасындағы берік көпірге айналады.