Рухани тарту: Алматыда жазушы Ильяс Юсуф мектептер мен кітапханаларға 1000-нан аса кітап сыйлады

Бүгін Алматы қаласындағы Alatau Creative Hub орталығында Халықаралық балаларды қорғау күні мен оқу жылының аяқталуына орай жазушы, драматург және қоғам қайраткері Ильяс Юсуфтың қатысуымен қайырымдылық мәдени іс-шарасы өтті. Қоғамдық маңызы бар бұл бастама Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту, өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттыру және «Оқитын ұлт» жобасын іске асыру жөніндегі тапсырмаларын қолдау мақсатында жүзеге асырылды.
Оқу мәдениетін дамыту, балалар мен жасөспірімдер арасында отандық әдебиетті насихаттау, заманауи басылымдар мен тарихи комикстер арқылы білім беру мекемелеріне қолдау көрсетуге бағытталған жиынға әдебиет сүйер қауым мен 100-ден аса мектеп оқушылары қатысты.
Кездесудің алғы сөзінде жазушы Ильяс Юсуф балаларды мерекемен құттықтап, бүгінгі күннің өзі үшін ерекше екенін атап өтті. «Бала кезімде 1 маусым күні тура осы орындықтарда отырып, маған да кітап сыйлаған адаардың сөзін тыңдаған едім. Ал бүгін мен дәл сол жерде тұрып, өз шығармашылығымды сіздерге ұсыну бақытына ие болып отырмын. Сіздердің де болашақта үлкен биіктерді бағындырып, өз еңбектеріңізді кейінгі ұрпаққа жеткізетіндеріңізге сенемін», – деп тілек білдірді.
Тағылымы мол әдеби-танымдық кездесуге жиналғандар жазушымен еркін сұхбат құрып, шығармашылық жолы, әдебиеттегі ізденістері мен болашақ жоспарлары туралы әңгіме өрбітті. Әсіресе оқушылар тарапынан қойылған сұрақтар олардың әдебиетке деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.
Сондай-ақ автор шығармашылық жолының 7 жылдығына орай жас оқырмандарға 200 кітап, ал мектептер мен кітапханаларға 1000-нан астам қазақ және орыс тілдеріндегі кітаптарды тарту етті. Сыйға берілген басылымдардың қатарында Қазақ хандығының тарихына арналған «Керей мен Жәнібек» комиксі, сондай-ақ «Тень ангела», «Ночная симфония», «Я вчера. Сегодня. Завтра», «Жизнь моими глазами» және басқа да шығармалары бар.
Аталған әдеби шара жастар арасында кітап оқу мәдениетін нығайтуға, ұлттық әдебиетті қолдауға және рухани құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік берді.