«Шабыт берген Алматы!»: Алматының әсемдігін жырға қосқан ақындар анықталды

Бүгін Алматыда Қала күніне орай ұйымдастырылған «Шабыт берген Алматы!» республикалық поэзиялық шығармалар байқауының салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Шараға Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, мәдениет және өнер саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері, ақындар, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен өткен байқауға өтінімдер 15 шілде мен 29 тамыз аралығында қабылданып, еліміздің әр өңірінен 457 жұмыс келіп түскен. Байқаудың жалпы жүлде қоры 7,5 млн теңгені құрайды.

Шара барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов байқаудың маңызына тоқталып, Алматы қаласы әкімінің бастамасымен ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Алматы әрдайым мәдениет пен өнердің орталығы болып келеді. Ақындардың шығармаларынан қаланың сұлулығы мен тыныс-тіршілігіне деген ерекше сүйіспеншілік байқалады. Сондай-ақ ол байқауға қатысқан барлық ақындарға алғыс білдіріп, қала тұрғындары мен қонақтарын Қала күнімен құттықтады.

Қазылар алқасы жұмыстарды көркемдік деңгейі, мазмұны, авторлық идеясы, тіл шеберлігі мен композициялық ерекшелігі бойынша бағалаған. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын Иранбек Оразбаевтың «Алматы – бұ дүние жәннаты (шаһар-нама)» шығармасына берілді.

Екінші орынды Елена Әбдіхалықованың «Жас едім көкірегімде тасыған ән…» атты шығармасы иеленді. Үшінші орын Ғани Қарлығаштың «Алматы: три поколения, одна любовь» және Ақсұңқар Ақынбабақызының «Алматының рухы» шығармаларына берілді.

Сонымен қатар, ынталандыру сыйлықтарымен Алмас Ахметбекұлы «Төлеби 59», Әділғазы Қайырбеков «Алматым – азаттықтың астанасы!», Мұрат Шаймаран «Алматы. Сұр ғимарат», Ерғали Бақаш «Жас ақынның Алматыға келуі» және Олжас Отар «Алматы монологы» шығармалары үшін марапатталды.

Айта кетейік, байқауға ұсынылған шығармаларда Алматы қаласының тарихи, мәдени және рухани маңызы, табиғи сұлулығы, бай мәдени мұрасы мен заманауи келбеті әр автордың өзіндік поэтикалық көзқарасы арқылы көрініс тапты. Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлерінің шығармалары «Шабыт берген Алматы!» атты жинақта жарық көреді.