«Жаңа үн, жаңа қалам»: Жамбыл кітапханасында «Оқитын ұлт» жобасы аясында жас қаламгермен кездесу өтті

Алматыда, Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында «Оқитын ұлт» жобасы аясында «Жаңа үн, жаңа қалам» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кеш қонағы – жазушы, ақын, «Аққұйын» және «Хас» кітаптарының авторы Жалғас Қазыбек.

Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жас қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау, ақын-жазушылар мен оқырман арасындағы рухани байланысты нығайту мақсатында өткен әдеби жиынға жастар мен әдебиет сүйер қауым қатысты.

Еркін форматта өткен жүздесуде қаламгер өзінің шығармашылық жолы, әдебиетке келуі, ақындық және жазушылық ізденістері туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, «Аққұйын» және «Хас» кітаптарының жазылу тарихымен бөлісіп, шығармаларының идеялық мазмұны мен кейіпкерлер әлеміне тоқталды.

Кездесу барысында қатысушылар қазіргі қазақ әдебиетінің тынысы, жас қаламгерлердің шығармашылықтағы орны, поэзия мен прозаның ерекшеліктері туралы пікір алмасып, сауалдарын ортаға салды. Әдебиет пен өмір, сөз өнері мен адам болмысы жөнінде өрбіген әңгіме жастарға ой салып, жаңа шығармашылық ізденістерге деген шабыт сыйлады.

Кештің көркемдік мазмұнын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті, сазгер Әмір Өмірзақ толықтырды. Ол Жалғас Қазыбектің сөзіне жазылған әндерді орындап, әдеби жүздесуге ерекше әуез бен әсерлі көңіл күй сыйлады.

Әдеби-сазды кеш жас оқырмандарға заманауи қазақ әдебиетімен жақынырақ танысып, жас қаламгердің шығармашылық әлеміне үңілуге мүмкіндік берді.