«Жүректе қалған әуен»: Шәмші әндері балалар жүрегінде жаңғырды

Алматыда 14 тамыз күні №29 қалалық балалар кітапханасында қазақ музыкасының біртуар композиторы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Жүректе қалған әуен» атты мерекелік кеш өтті. Музыкаға толы тағылымды шараға №145 мектептің 2-сынып оқушылары қатысты.

Кеш барысында балалар Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылық жолы туралы қызықты мәліметтермен танысып, композитордың ел жүрегінен орын алған әндерін тыңдады. Кештің әр сәтінде Шәмшінің әуезді әндері шырқалып, қазақ музыкасының қайталанбас үні сезілді.

Әсіресе жас өнерпаздардың шығармашылық өнер көрсетуі кешке ерекше көңіл күй сыйлады. Оқушылар ән айтып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Кішкентай өнерпаздардың сахнадағы еркіндігі мен шынайы қуанышы көрермендерге де көтеріңкі көңіл күй сыйлап, кітапхана төрін әсем ән мен балғын күлкіге бөледі.

Шараның басты ерекшелігі – балалардың қазақ музыкасының көрнекті тұлғасы туралы тек ақпарат алып қана қоймай, оның шығармашылығын ән мен өнер арқылы сезінуінде болды. Шәмші әндері арқылы жас ұрпақ ұлттық өнердің қадірін танып, туған елдің мәдени мұрасына деген қызығушылығын арттырды.

«Жүректе қалған әуен» кеші Шәмші Қалдаяқовтың өлмес мұрасын жас ұрпаққа таныстырып қана қоймай, балалардың ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттырған тағылымды мәдени шара болды. Композитордың жүрекке жақын әндері арқылы қазақ музыкасының рухы жас тыңдармандарға тағы бір мәрте жақындай түсті.