Әділбек Ыбырайымұлы «Семсер жүзіндегі серт»

«Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясының құрылымы мен мазмұны күрделі. Автордың ізденіске толы, тарихи деректерге қанық шығармасы тілінің көркемдігімен, әдеби шешімдерімен және шиеленіске толы оқиғаларымен құнды. Трилогия қазақтың кемінде үш-төрт ғасыр басынан кешкен хикметтерін сипаттаған эпопеяға ұласқан. Трилогияның бірінші кітабы «Арланның азуы» панорамалық композицияға құрылған. Шығарма Кенесары қазасының бас кінәгері де, куәгері де қырғыз Орманбет манаптың сауын айтуымен, оның шешесіне ас беруімен өрбиді. Оқиға асқа шақырылған Тезек төремен ілесіп барған Сүйінбай ақынның қырғыз Қатағанмен айтысқа түсуінен басталып, соңында оны жерге кіргізердей етіп жеңуімен аяқталады. Осы екі арада автор көркем тілімен қазақтың бүкіл тарихын көз алдыңызға әкеледі. Қазақ хандығының туы көтерілгенге дейінгі және одан кейінгі кезеңдер қамтылады. Уақыт өлшемімен де, кеңістік өлшемімен де осындай ауқымды тарихты түгендеген шығарма бірінен екіншісі туып отыратын жалғаспалы (әңгімешілдік) сюжет емес, вертикаль-фронталды әрі көлденең-горизонтальды кескіндеу жолымен бейнеленген. Шығарма ұзақ уақытты, жан-жақты тарихты қамтыса да, оқиғалар шашырамай, жинақы әдеби желіге мықтап байланып, ұтымды шыққан.

Беттер саны: 296