«Әдеби көпір» Халықаралық мәдени интерактивті жобасы

2022 жылдың 16 маусымда Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында ОКЖ жетекші мамандарының қатысуымен өткен «Әдеби көпір» Халықаралық мәдени интерактивті жобасы өтті. Жоба аясында ынтымақтастық және интеграция туралы Меморандумға қол қойылды, А.Осмонов атындағы Қырғыз ұлттық кітапханасы мен Қырғызстан тарихы мұражайының жұмысымен танысу, 57 қазақстандық кітапты Абай атындағы орталыққа беру рәсімі өтті.

Бұл маңызды  мәдени шараға Қазақстан тарапынан  «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесінің директоры Рузанна Бектұрсынова, директордың кітапхана істері жөніндегі орынбасары Ләззат Спатаева, ұйымдастыру – әдістемелік бөлімінің әдіскері Айбол Абашовтар   қатысты. Сонымен бірге бұл шараға Қазақстанда  болып жатқан мәдени жаңалықтар жайлы жиі жазатын «Үш қоңыр»  газетінің бас редакторы Болат Батыр, «Дүние Таланттары Одағының» президенті Дана  Даулетова бастаған бір топ қаламгерлер барды.  Алматылық  қонақтар әуелі Бішкек қаласындағы  Абай ескерткішіне барып, гүл шоқтарын қойып, ұлы ақын рухына тағзым етті. Одан кейін  сапар  Қырғыз Республикасының А.Осмонов атындағы Ұлттық кітапханасында жалғасты.Алматылық кітапхана қызметкерлерін аталған кітапхананың директоры Иманкулова Нұржан. бастаған  кырғызстандық кітапхана қызметкерлері құшақ жая қарсы алып, іскерлік, әріптестік тұрғыдағы әңгіме өрбіді. Алматылық қонақтар Қырғыз Республикасының басты кітапханасының жұмысымен жақынырақ танысу үшін кітапхананың оқу залдарын,кітап қорлары  сақталатын орындарын  аралап  көрді,кітапханашылардың жұмыс барысымен, іс – тәжірибесімен танысып, пікір алмасты, кітап пен кітап оқудың оқырмандар арсында беделін көтеру жөніндегі ойларымен  бөлісті. Іскерлік, ынтымақтастық, әріптестік тұрғыда өткен шырайлы кездесудің соңында «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі»  мемлекеттік мекемесі мен Қырғыз  Республикасының А.Осмонов  атындағы Ұлттық Кітапханасы   арасында өзара ынтымақтастық және ықпалдастық жөніндегі   меморандумға  қол қойылды . Бұл меморандумның  мақсаты –  екі ел кітапханалары мен кітапханашылары арасында тәжірибе және ақпарат алмасу, кәсіби міндеттерді жүзеге асыру барысында өзара көмек көрсету, Алматы және Бішкек қалаларындағы кітапханалардың іс – тәжірибесімен танысу, мәдениетаралық диалогтарды дамыту бағытында ортақ жобаларды іске асыру ,балалар мен жастардың Қазақстан мен Қырғызстан елдерінің әдеби мұраларына деген қызығушылығын ояту болып табылады.