Алматыда ұлт руханиятының көрнекті өкілі Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған халықаралық әдеби-ғылыми конференция өтті

Бүгін Алматы қаласында Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада Қазақстанның көрнекті ақыны, жазушысы әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған халықаралық әдеби-ғылыми конференция өткізілді.

Ұлт руханиятының мерейтойына арналған жиынға белгілі ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары Игорь Крупко, жазушы Бигелді Ғабдуллин, «Простор» журналының бас редакторы Фархат Тамендаров, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры Диар Қонаев, сондай-ақ мәдениет және әдебиет саласының өкілдері, отандық және шетелдік ғылыми және шығармашылық қауымдастық мүшелері қатысты.

Шара барысында Қазақстан Ғылым академиясы, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов өз құттықтауын жолдады:
«Олжас Сүлейменов рухты жырлары, терең зерттеулерімен әлемді мойындатқан даңқты тұлға. Шығармашылығы әлемдік деңгейде танылып, зерттеліп келеді. Біз ақынға ұзақ ғұмыр тілейміз!»

Жиын аясында қатысушылар ақын шығармашылығының әдеби үдерістегі орны, Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің өзара ықпалдастығы, сондай-ақ қаламгер туындыларының қазіргі гуманитарлық ғылым мен әдебиетке әсері жөнінде пікір алмасты.

ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары Игорь Крупко өз сөзінде Олжас Сүлейменов шығармашылығының философиялық тереңдігін және оның мәдениеттер тоғысын бейнелеудегі ерекше рөліне тоқталды:
«Олжастың поэзиясы – тұнып тұрған философия. Оның туындылары ұлттық дәстүр мен заманауилықты шебер ұштастыра біледі. Ол өзінің қазақ және әлем мәдениеті үшін маңызы зор мұрасын жаңа ұрпаққа жеткізу жолында қажымай еңбек етіп келеді», – деді Игорь Крупко.

Іс-шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылық қызметіне арналған бейнеинтервьюлер мен мұрағаттық материалдар көрсетілді.

Шара соңында зиялы қауым өкілдері кітапхана қорына кітаптар табыстап, алдағы ғылыми және мәдени жобаларды жүзеге асыруға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Алматы Ктапханалары атынан іс-шараға қатысқан қонақтарға алғыс хаттар табысталып, естелік сыйлықтар ұсынылды.

Аталған конференция Олжас Сүлейменовтің Қазақстан және әлемдік мәдениет пен ғылым дамуына қосқан елеулі үлесін насихаттауға бағытталған маңызды халықаралық мәдени оқиғаға айналды.