Алматыда Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай халықаралық семинар өтті

Бүгін Алматыда, Alatau Creative Hub орталығында Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай кітапханашыларға арналған халықаралық деңгейде семинар өтті. Әр өңірден жиналған кітапхана басшылары мен кітапханашылардың басын қосқан бұл шара заманауи кітапхана ісінің өзекті мәселелерін талқылауға және халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталды.

Жиын барысында Алматы Кітапханаларының заманауи мүмкіндіктері – ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған бейімделу жобалары, кітапханалық процестерді автоматтандыру мен электронды ресурстардың қолжетімділігі, цифрландыру бағытындағы тың жұмыстар таныстырылды.

Семинардың ерекшелігі – Алматы Кітапханаларының серіктестері, яғни шетелдік жетекші мамандармен ұйымдастырылған телекөпір болды. Семинарға Малайзиядан Селангор қоғамдық кітапхана, Швецияның Ұлттық кітапханасы, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы, Саха Республикасы (Якутия) Ұлттық кітапханасы
салалық жаңалықтарымен бөлісіп, аталған мерекелермен құттықтады.

Сонымен қатар, семинар аясында кітапханалық процестерді автоматтандыруға арналған «МегаПро» АИБС жүйесінің мүмкіндіктері талқыланды. Ресейлік «Дата Экспресс» компаниясының бас директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Владимир Грибов кітапханашыларға арналған бағдарламалық шешімдердің тиімділігі туралы баяндама жасады.

Аталған семинар қатысушылар үшін халықаралық озық тәжірибені меңгеріп, кәсіби біліктілігін арттыруға үлкен мүмкіндік берді.

Алматы Облыстық әмбебап кітапханасының қызметкері Әлия Боранбай семинарды жоғары деңгейде бағалап, өз пікірін білдірді: «Бүгінгі ғылыми семинар пайдалы болды. Мұндай халықаралық деңгейдегі жиындар біз үшін өте маңызды. Шетелдік әріптестеріміздің цифрландыру және оқырманмен жұмыс істеудегі тәсілдерін білдік».

Бұл іс-шара – кәсіби мереке ғана емес, ұлттық руханиятты ұлықтайтын, кітап пен кітапхананың мәртебесін асқақтатқан мазмұнды кездесу болды.