Алматыда Жамбыл атындағы кітапхананың 50 жылдығына орай «Кітапхана түні» өтті

Әдеби кездесулер, театрландырылған қойылымдар, музыкалық шығармалар, кітаптың тұсаукесері және бірегей музей жәдігерлерімен танысу – мұның барлығы Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында өткен «Кітапхана түні» мәдени іс-шарасында көрініс тапты.
Ауқымды әдеби-мәдени кеш Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» бастамасы аясында ұйымдастырылып, кітапхананың құрылғанына 50 жыл және Жамбыл Жабаев есімінің берілгеніне 30 жыл толуына арналды.
Іс-шараға белгілі ақын-жазушылар, Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқановтың музей-үйлерінің өкілдері, кітапхана ардагерлері, оқырмандар мен әдебиет сүйер қауым қатысты. Қонақтар кітапхана ұжымын мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.
Мерекелік бағдарлама Жамбыл Жабаев бейнесіндегі актердің театрландырылған прологымен басталып, оркестрдің күй орындауымен жалғасты. Сондай-ақ, келушілер назарына кітапхананың жарты ғасырлық тарихына арналған бейнеролик ұсынылды.
Кеш аясында жас жазушы Нұрбек Нұржанұлының балаларға арналған «Қаһарман құмырысқа» кітабының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, қонақтарға «Сезім музейі» музыкалық-әдеби бағдарламасы ұсынылып, әндер шырқалып, өлеңдер оқылды. Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің музей-үйлерінен келген экскурсоводтар жазушылардың жеке заттары мен тарихи жәдігерлерін таныстырып, олардың мәдени және тарихи құндылығы туралы әңгімеледі.
Бұдан бөлек, іс-шара барысында «Отбасы хрестоматиясы», «ATA Creative Hub», «Қасым» және «Molia&DOS» баспалары мен кітап дүкендері келушілерге өз басылымдарын ұсынды.
Кеш соңында ардагер кітапханашыларға құрмет көрсетіліп, төсбелгілер тағылып, алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ «Үздік оқырман» номинациясы бойынша белсенді оқырмандарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар тарту етілді.
Жарты ғасыр бойы Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы жас ұрпақтың зияткерлік дамуына, әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге елеулі үлес қосып келеді. «Кітапхана түні» мәдени іс-шарасы осы игі дәстүрдің жалғасына айналып, оқырмандарды, әдеби орта өкілдерін және кітапсүйер қауымды бір арнаға тоғыстырды.