Кітап оқу ыңғайлы бола түсті: Алматы Кітапханаларының қосымшасы жаңа мүмкіндіктермен толықты

Алматы Кітапханаларының мобильді қосымшасында оқырмандар үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Енді пайдаланушылар кітапханаға барғанын белгілеп, электронды басылымдарды тікелей қосымша арқылы оқи алады. Сонымен қатар қосымшаның интерфейсі жаңартылды.
Жаңа функциялардың бірі – кітапханаға келуді электронды түрде белгілеу. Оқырман келуін екі тәсілдің бірі арқылы растай алады: қосымшадағы штрих-кодты кітапханашыға көрсету немесе ресепшндегі QR-кодты өздігінен сканерлеу. Әрбір келу туралы ақпарат қосымшадағы тарихта сақталады. Осы арқылы пайдаланушы кітапханаға барған күндерін кез келген уақытта қарай алады.
Сонымен қатар электронды каталог толықтырылды. Қосымшаға Алматы Кітапханаларының қорындағы көпшілікке оқуға қолжетімді цифрландырылған кітаптар енгізілді. Қажетті басылымды іздеу функциясы немесе каталогтың тиісті бөлімдері арқылы табуға болады. Кітаптарды жүктеп алмай-ақ және қосымша сервистерді пайдаланбай, тікелей мобильді қосымша арқылы оқуға мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, мобильді қосымшаның интерфейсі жаңартылды. Навигация ыңғайлы әрі түсінікті бола түсті, ал дизайны заманауи форматқа келтірілді. Өзгерістер цифрлық кітапхана сервистерін пайдалануды барынша ыңғайлы әрі жылдам етуге бағытталған.
Алматы Кітапханаларының мобильді қосымшасы 2026 жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істейді. Бүгінде қосымшаны 50 мыңнан астам пайдаланушы жүктеп алған, ал «Кітаптар» санатында қосымша платформалар арасында 2-орынға көтерілді.
Қосымша Android және iOS операциялық жүйелеріндегі құрылғылар үшін қолжетімді. Жаңа функциялар Алматы Кітапханаларының цифрлық сервистерін кезең-кезеңімен дамыту аясында енгізіліп, кітапхана қызметтерінің оқырмандар үшін қолжетімділігін арттыруға бағытталған.