Кітапхана жазы: шығармашылық, жаңалықтар, достар

Алматыдағы кітапхана жазы — бұл жай ғана демалыс маусымы емес, барлық жастағы тұрғындар үшін шабыт пен жаңалықтарға толы уақыт. Осы жазда қалалық кітапханалар филиалдарында жалпы саны 68 үйірме мен клуб жұмыс істейді, олардың тұрақты қатысушылары мыңнан асады. Мұнда кітап оқумен қатар, қағаз және моншақтан бұйымдар жасауға, ертегі терапиясына қатысуға, математика мен физиканы тәжірибе арқылы үйренуге, шахмат комбинацияларын шешуге және тілдерді жылы, достық атмосферада үйренуге болады.
Мысалы, №15 кітапханада бастауыш сынып оқушылары мен жасөспірімдер қызығушылықпен қағаздан бұйымдар жасап, моншақ тоқып, ертегі терапиясына қатысады, ал ересек балалар физика мен математиканы таңдайды. Кітапхана қызметкерлерінің байқауынша, мұнда аптасына 70-тей бала қатысып, көптеген оқушы үшін бұл үйірмелер жаңа қызығушылықтар мен достықтың бастауы болып отыр.
Гуманитарлық бағыттағы №6 филиалда «TANYM» әдеби клубы жұмыс істейді, сурет салу және қазақ тілі сабақтары өтеді. Әсіресе 5–8 жас аралығындағы балаларға арналған ертегі терапиясы ерекше қызық өтеді, ал жасөспірімдер ана тілі мен әдебиетке деген қызығушылықтарын жиі білдіруде. Мұнда сенім мен шабытқа толы ерекше атмосфера орнаған.
№24 балалар кітапханасында шығармашылық пен креативтілік басым: мұнда «Сиқырлы бояулар» клубында сурет салып, оригами жасайды және «Speaking club»-та сөйлесу арқылы тіл дамытады. Әсіресе 10–14 жас аралығындағы оқушылар үшін ағылшын тілі сабағы өте танымал – олар тілді мектеп бағдарламасынан тыс уақытта да қызыға меңгеруде.
№26 кітапхана интеллектуалдық және шығармашылық дамуға басымдық береді: шахмат, қазақ тілі, қолөнер және салауатты өмір салты тақырыптарына арналған үйірмелер бар. Мұнда «Үміт» әдеби клубы мен «Денсаулық» үйірмесі жұмыс істейді. Шахмат сабақтарына тек балалар ғана емес, сонымен қатар зияткерлік демалысты бағалайтын ата-аналар да қатысады.
С.Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасы ең мазмұнды жазғы бағдарлама ұсынады: қағазбен жұмыс, моншақ тоқу, ертегі терапиясы, астрономия және ағылшын тілі. Мұнда апта сайын 4 пен 16 жас аралығындағы 100-ден астам бала жиналады. Балаларға сенімді орта мен белсенділікті тәжірибелі мұғалімдер, кітапханашылар және еріктілер қалыптастырады.
Ересектер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашық: кітапханаларда компьютерлік сауаттылық, ағылшын және қазақ тілдері курстары, сондай-ақ шахмат кездесулері өтеді. Алматының 200-ден астам тұрғыны, негізінен аға буын, осы бағдарламаларға қатысып жатыр. Әсіресе цифрлық әлемде еркін бағдарлауға көмектесетін сабақтар үлкен сұранысқа ие.
Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы белсенді жастардың сүйікті орнына айналды. Мұнда жасөспірімдер мен студенттер үшін мазмұнды бағдарлама ұсынылады: «Q-Planet» клубы ағылшын тілінде сөйлесу практикасын ұйымдастырады, ал «Paraqtaiyq» және «Ізінен аңыз ерген…» жобалары қазақ әдебиетін сүйетін жастарды тартады. «Атырау–Алтай арасы», «Әдеттер әліппесі» сияқты әдеби және білім беру жобалары мен «Ой-көкпар» викториналары қаланың барлық аудандарынан жастарды біріктіреді.
Алматы Кітапханаларындағы барлық жазғы іс-шаралар тегін өтеді — тек оқырман билетін алып, үйірмелердің кестесін almatylibrary.kz ресми сайтынан және Instagram @library.almaty парақшасынан қадағалау жеткілікті. Биылғы жазда үйірмелер арқылы 400-ден астам бала мен жасөспірім алғаш рет оқырман билетін алып, кітапхананы жазғы демалысының бір бөлігіне айналдырды.
Қызығушылықпен жұмыс істейтін кітапханашылар, қала тұрғындарының мүдделеріне деген назар және жылы атмосфера Алматы Кітапханаларын жазды тиімді, қуанышты және шабытпен өткізетін шынайы мәдени орталықтарға айналдырды.