Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдығына арналған әдеби кеш өтті

Бүгін Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада көрнекті ғалым, абайтанушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толуына орай «Ұстаз бен шәкірт. Мұхтар мен Қайым. Рухани сабақтастық» атты әдеби кеш өтті.

Әдеби кешке ғалымның қызы, Білім берудің халықаралық дамуы саласындағы ғылым докторы, профессор, «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет» орталығының директоры Дина Қайымқызы Мұхамедхан, қоғам және мәдениет қайраткерлері, белгілі ғалымдар, әдебиеттанушылар, сондай-ақ Қайым Мұхамедхановтың шәкірттері мен ізбасарлары қатысты.

Іс-шара аясында ұйымдастырылған «Қайым Мұхамедханов: Абайдың інісі, Алаштың ірісі» атты кітап көрмесіне Мұрат Әуезовтің жеке қорындағы және «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет» қоры ұсынған басылымдар қойылды. Жиналған қауымға ғалымның өмірі мен шығармашылығына, қоғамдық қызметі мен ғылыми мұрасына арналған кітаптар, естеліктер, фотосуреттер мен архивтік құжаттар, сондай-ақ оның он томдық шығармалар жинағы мен абайтану, әуезовтану, шәкәрімтану салаларындағы еңбектері таныстырылды. Көрме «Ғалым. Қайраткер. Тұлға», «Ұлттық рухтың қазынасы», «Өзі музей, өзі архив, өзі мектеп» атты бөлімдерден тұрды.

Кеш барысында Мұхтар Әуезовтің немересі, шығыстанушы әрі түркітанушы ғалым Зифа-Алуа Әуезованың онлайн құттықтауы көрсетілді. Сондай-ақ Қайым Мұхамедхановқа және оның ұстазы Мұхтар Әуезовке арналған әндер орындалып, Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйі шырқалды. Жас өнерпаздар мен өнер саласының өкілдері әдеби-сазды бағдарламаны жоғары деңгейде ұсынып, кештің мазмұнын байыта түсті.

Шара соңында Дина Қайымқызы Мұхамедхан «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет» орталығы атынан кеш қонақтары мен кітапхана ұжымына алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар қоғамдық қор шығарған «Ел тарихы адамдар тағдырында» атты кітап Алматы кітапханаларының қорына және іс-шараға қатысушыларға сыйға тартылды.

Тағылымды кеш Қайым Мұхамедхановтың бай мұрасын ұлықтап, ұлттық руханияттың сабақтастығын дәріптеген маңызды мәдени-танымдық шараға айналып, көпшілік қауымның жоғары бағасына ие болды.