Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Беттер сақтаған соғыстың ащы ізі» атты айқаспалы кітап көрмесі

2024 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі мен Ресей Федерациясы, Н.Д. Наволочкин атындағы Хабаровск өлкелік балалар кітапханасы арасындағы Ынтымақтастық туралы келісім аясында 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспары жасалды. Бұл жоспар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған.
Биылғы жылдың 11 сәуірінде Н.Д. Наволочкин атындағы Хабаровск өлкелік балалар кітапханасы мен С. Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасының оқырмандары қатысқан «Соғыстың жаңғырығы – жүректегі естелік» атты халықаралық онлайн-көпір өтті. Шара барысында балалар Ұлы Отан соғысы туралы өлеңдер оқып, өз елдерінің қаһармандарының ерліктері туралы, соғысқа қатысқан ата-әжелері жайлы әңгімелеп, музыкалық нөмір орындады.
Сондай-ақ, 24 сәуір мен 19 мамыр аралығында С. Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасының терезелеріне оқырмандар мен кітапхана қызметкерлерінің соғысқа қатысқан туыстарының суреттері ілінген «Жад терезелері» атты қалалық акция ұйымдастырылды.
Сіздердің назарларыңызға С. Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасы қызметкерлері дайындаған қазақстандық балалар мен жасөспірімдер әдебиетіне арналған виртуалды кітап шолуы бар «Беттер сақтаған соғыстың ащы ізі» атты айқаспалы кітап көрмесін ұсынамыз.
Аталған Ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Күз мезгілінде Кеңес Одағының Батыры, мерген, ефрейтор Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналған «Әлия ерлігі – өшпес тарих…» атты оқырмандар конференциясы өтеді.