«Қазақтың қайсар Жұбаны»: Алматы Кітапханаларында ақын Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті

6 ақпанда Алматы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада Қазақстанның халық жазушысы, ақын Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына арналған «Қазақтың қайсар Жұбаны» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кеш барысында әйгілі қазақ ақыны, КСРО және Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ұлт руханиятының ірі тұлғасы Жұбан Молдағалиевтің шығармашылығы кеңінен таныстырылып, оның поэзиядағы қайталанбас қолтаңбасы мен азаматтық ұстанымы туралы тағылымды әңгімелер өрбіді.
Кеш қонақтары: қазақтың ақын қызы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, профессор Айгүл Мұстафаева, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дәулетбек Байтұрсынұлы болды.
Сондай-ақ, іс-шараға Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студент жастары мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Кеште Жұбан Молдағалиевтің елдік пен ерлікке толы жалынды жырлары оқылып, оның шығармаларының бүгінгі ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екені атап өтілді.
Әдеби-сазды кешке қатысушылар ақын шығармашылығынан шабыт алып, қазақ әдебиетінің биік белестерін тағы бір мәрте бағамдады.