Әмірхан Меңдеке «Тіліңді әулие тұт, сөзіңді – пір»
Ал енді Әмірхан Меңдекенің қазақтың ұлтсыздануына қатысты жазған мақалалар сериясын таратып айтуға уақыт тар болғандықтан, кітабын алып оқуға ұсыныс берер едім. Өкінбейсіздер…
Келесі кітаптың авторы – ақын, ғалым Бауыржан Жақып. Әдеби-сын, әдеби шығармашылық портреттер, эсселері енген еңбегін «Жүректен қозғайын» деп атапты. Бұл кітаптың ішіне кірген, әр жылдары жазылған мақалаларында автор туған әдебиетіміздің әралуан тақырыбын түгелдей қамтыған. Уақыт тынысын тап басып тани алғандықтан, бұл дүниелер де тереңдігімен, өзектілігімен назар аудартады.
Тақырып арқауына өзек болатын ақын, жазушылардың есімін санамалап шыққанның өзінде аталған кітаптың ауқымдылығы мен көркемдік көкжиегін аңғаруға болады. Абай, Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сүйінбай, Жамбыл мен Кенен, Үмбетәлі, Қасым Аманжолов, Әбділдә Тәжібаев, Сафуан Шаймерденов, Қадыр Мырзалиев, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Жұматай Жақыпбаев, Ұлықбек Есдәулет, Нұрлан Мәукенұлы, Маралтай Райымбекке дейінгі қазақ әдебиетінің ұзына тарихын санамалап, бүгінгі уақыт мінберінен бағалап, бағамдап, талдап, кестелеп шыққан әрбір мақаланың рухани-танымдық әрі көркемдік құндылығын айрықша бөліп айтуға болады. Қазақ поэзиясында орны бар, қолтаңбасы қалған бірде-бір ақын сыншы назарынан тыс қалмаған.
Кітаптан орын алған «Халқына сәуле шашқан жарық жұлдыз», «Ахмет пен Мұхтар», «Ілиястың ақындығы», «Арманда кеткен есіл ақын», «Өмірі өлеңге, өлеңі өмірге айналған ақын», «Сөйлейді сенің тіліңде барлық құс біткен…», «Сендей саңлақ өмірге келер ме екен қайтадан…» атты әдеби-талдау мақалаларды автор жүрек нұрына, жан жылуына орап жазған екен. Терең толғаныстан туғандықтан оларды тебіренбей оқу мүмкін емес.