Алматыда ең ірі Kitap Fest Almaty кітап фестивалі өтті

2023 жылы 9 қыркүйекте Алматыда BAURZHAN foundation қоры ұйымдастырған Kitap Fest Almaty кітап фестивалі өтті. Қазақстанның халықаралық деңгейдегі алғашқы кітап фестивалі болып табылатын мәдени-бұқаралық іс-шара Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының және Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қолдауымен 2014 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді.

Биыл қала күніне тұспа-тұс келген Kitap Fest Almaty фестивалінің тақырыбы: «Ұлттық әдебиет. Ұлттық тіл. Ұлттық дәстүрлер».

Алматы кітап фестивалі кітап сүйер қауым үшін ауқымды бағдарлама дайындады: отандық жазушылар жаңа кітаптарын таныстырды. «Оффлайн кітаптар туралы» шатырында танымал жазушылар, қоғам қайраткерлері мен блогерлер пікір алмасты. Алматылықтарға иллюстрацияланған кітап көрмесі, шеберлік сыныптары, түрлі байқаулар мен акциялар, Қазақстанның ірі баспалары мен кітап дүкендерінің жәрмеңкесі ұсынылды. Баспагерлер және кітап дүкендері өз өнімдерін көрмеде 30% – ға дейінгі жеңілдікпен сатты. Биылғы жылы кітап фестивалінде 50-ден астам кітап дүкендері мен баспалар өз өнімдерін ұсынды. 28 жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

Фестивальде  40-қа жуық пікір көшбасшылары сөз сөйледі: Досым Сәтбаев, Ділдәр Мамырбаева, Елдос Тоқтарбай, Бейбіт Сарыбай, Смағұл Елубай, Абылай Юсупов, Мұхамеджан Тазабек және басқа да көптеген танымал тұлғалар қазіргі әдебиеттегі үрдіс жайлы сөз қозғады.  Сондай-ақ, жазушылар «Менің алғашқы ертегілерім», «Как оседлать единорога?», «Tarmaqtar» және басқа да жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті.

Белгілі қазақстандық қоғам қайраткері, саясаттанушы, публицист, баспагер Досым Сәтбаев Павел Коктышев және Әлім Хамитовпен бірге «Как оседлать единорога?» кітабының тұсауын кесті. Оның пікірінше, онжылдықта Kitap Fest шығармашыл тұлғалар мен кітапсүйер үшін беделді және қуатты алаңға айналды.

Сонымен қатар, фестиваль қонақтары әкелінген кітаптармен алмасуға, ұнаған кітаптарды жеңілдікпен сатып алуға немесе оларды толығымен тегін алуға мүмкіндік алды. Биылғы жылы кітап фестивалінде әр түрлі жанрдағы 5000  кітап келушілерге  тегін таратылды.

Балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасында  аниматорлар, аквагрим мен түрлі қызықты байқаулар мен викториналар келген қонақтарға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Дәстүр бойынша фестивальде «Ауылға кітап» акциясы өткізілді, онда кез-келген оқырман өз кітабын әкеліп, Қазақстанның ауылдық кітапханаларына тапсыруға ат салысты. Биылғы фестивальде 3 мыңға тарта кітап жиналды.